Әл-Бағдадидің өлімі: ДАИШ өз миссиясын атқарып болды ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемдегі мұсылман елдерінің біразының тыныштығын қашырып, күллі әлемге қауіп төндіріп, үрей ұялатқан террорлық топтың бірі ДАИШ лаңкестік ұйымы еді.

Әу баста әйгілі "Әл-Каида" террорлық ұйымының қатарында жүрген ДАИШ ұйымы 2014 жылдан бастап Ирак және Сирия аумағында халифат құрғандарын жариялады. Оның халифаты етіп Абдалла Ибрагим әл-Самарийді (Әбу Бәкір әл-Бағдади) сайлаған болатын. Олар Халифат құрамыз деген желеумен ислам атын жамылып Ирак пен Сирияның талқанын шығарды, жазықсыз тұрғындардың қанын төкті. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді пайдаланып, әлемнің барлық жерінен өз құрамдарына жастарды көптеп тартты. Ең қиыны сол топтың арасында Қазақстаннан барған қазақ азаматтары да бар.

Көптеген дін мамандары мен саясаттанушылар ДАИШ ұйымы батыс елдерінің қолдан ұйымдастырып отырған исламға қарсы жобасы дегенді жиі айтады. Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп сол ДАИШ террористік тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің көзін жойғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Трамп оның Америка жасақтары ұйымдастырған әскери операция кезінде Сирияның солтүстігінде өлгенін растады. Бұған дейін айтылғандай расында да ДАИШ батыс елдерінің арнайы жобасы болса, әл-Бағдадидің өлімі бұл ұйымның өз миссиясын атқарып болғанын білдірмейді ме? Осыдан кейін ДАИШ-тан құтылдық деп қуануға негіз бар ма? Әлде Әл-Каидадан кейін пайда болған ДАИШ секілді тағы бір ұйымның пайда болуы мүмкін бе? Бұл туралы еліміздегі дінтанушы ғалымдар мен саясаттанушылардың пікірін білген едік.

Дінтанушы Жалғас Сандыбаевтың пікірінше, ДАИШ-тан құтылдық деп қуануға әлі ерте. Себебі батыстағы материалдық құндылық алға шығып, рухани құлдыраған елдердің исламға деген көзқарастары жақсы емес.

"Әлемнің ислам ғұламалары ДАИШ-тың үлкен, кіші, әйел, бала демей, барлығын қойша бауыздау секілді қантөгіс әрекеттеріне қарап бір ауыздан бұларды "хариджиттер" деп баға берген. Себебі бұлардың барлық әрекеттерінде хариджиттердің белгілері бар. Ал хариджиттер деген ислам тарихындағы ең ежелгі діни-саяси адасқан топ еді. Олар да исламның атын жамылып мұсылманға жат жауыздықтар жасаған болатын. Ислам барлық адамзатқа тең дәрежеде мейіріммен қарауды, бір-біріне қамқор болуды насихаттаса, ДАИШ осының барлығын керісінше жасады. Осы әрекеттері арқылы әлемде исламофобия қалыптастырды. Осыған қарап-ақ ДАИШ ислам атын жамылып исламға қарсы күрес, исламға қарсы жұмыс жасап жатқан ұйым екенін аңғаруға болады. Алайда кеше бұл ұйымның басшысы өлтірілген екен, ертең мұндай ислам атын жамылған жауыздық жойылады екен деп қуануға әлі ерте. Себебі ислам діні әлемде кеңінен өркен жайып келеді. Материалдық құндылықтар алға шыққан Еуропа елдерінде рухани құлдырау пайда болды. Ал рухани шөліркегендер жан азығын исламнан тауып жатыр. Бұл кей мемлекеттерге ұнай қоймайтыны белгілі. Бүгін бір ұйымның көзі жойылғанмен ертең оның орнына аты басқа заты бір тағы бір ұйымның пайда болары ғажап емес. Өкінішке орай, сондай адасқан топтың қатарына біздің елдің азаматтары да барып қосылып, білімсіздіктен Сирия даласында ажал құшты. Аман қалғандарын "Жусан" операциясымен елге алып келіп жатыр. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында біздің елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жұмыс жасауда. Үш жылда бір рет әлемнің дін көшбасшылары бір үстелдің басында жиналып, діннің өзекті мәселелерін талқылауда. Осының барлығы жастарды діни адасушылықтан, діни сауатсыздықтан сақтаудың жолдары", - дейді дінтанушы.

Ал, саясаттанушы Расул Жұмалы ДАИШ-тың артында батыс елдері тұр деген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның айтуыншы, әлемде бір келеңсіз жағдай болса, АҚШ-тан көру белең алып кеткен.

"ДАИШ Американың жобасы деген пікірмен келісе алмаймын. Бұл негізінен араб елдерінің ішкі алауыздығынан, ішкі тұрақсыздығынан, биліктің әлсіздігінен туындап отырған жағдай. Ал Әбу Бәкір әл-Бағдадидің өліміне келетін болсақ, ол әлі де сенімсіз ақпарат. Себебі осыған дейін де екі-үш мәрте Әбу Бәкір әл-Бағдадидің өлгені туралы айтылған. Әл-Бағдади өлген күннің өзінде ДАИШ жойылмайды. Кезінде Әл-Каиданың жетекшісін өлтіргенмен, оның орынбасарлары қалды. Олар әлі күнге дейін әрекет етіп жатыр. Сол секілді ДАИШ қатарында 100 мыңның үстінде әскер бар деген ақпарат бар. Ал олардың 10 мыңдап ұсталып жатқанын көрген емеспіз. Біршамасы ұсталып, біршамасы өлтірілген шығар. Бірақ олардың басым бөлігі ел арасына жасырынып, білінбей кетіп жатыр. Қазір бұл ұйымның басым көпшілігі Ауғанстанға шоғырланған деген ақпарат бар. Олар Сирияда көп соққы алып, жеңіліске ұшырағаннан кейін Ауғанстанға барып жасырынып жатыр. Олар нағыз соғыс көрген жауынгерлер. Бұның барлығы әлемде терроризмге қарсы күресіп жатқан елдердің бір емес екенін көрсетеді. Ол АҚШ болсын, Ресей болсын, басқа араб мемлекеттері болсын. Тіпті кейде бұл мемлекеттердің әрекеттері бір-біріне қарама-қайшы келіп жатады", - дейді саясаттанушы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы