Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб саудадағы техникалық реттеу мәселелерін қарады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтанда Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Кеңеске қатысушылар сауда саласындағы техникалық реттеу шараларын талқылады, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.
Атап айтқанда, бизнес-қауымдастық өкілдері импортталатын тауарларға қатысты мемлекеттік тілдегі этикеткалар мен қосымшаларды бекіту жөніндегі заңнама талаптарын уақытша алып тастауды ұсынды. Отырысқа қатысушылардың айтуынша, мұндай шешімді қабылдау этикеткаларды әзірлеуге, оларды көбейтуге және бекітуге қатысты бизнес шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Оған балама ретінде сөрелерде тауарлар туралы барлық қажетті ақпаратты қамтитын тауарлық QR-кодтарды уақытша пайдалану ұсынылды.
Өз ұсынысында бизнес-қауымдастық өкілдері Мемлекет басшысына дағдарыстық жағдайлар кезеңінде, оның ішінде мемлекеттік бақылау, халықаралық міндеттемелерді сақтау шеңберінде және т. б. реттеудің өзге де тәртібін белгілейтін тапсырмалар жүктеуге немесе актілер қабылдауға мүмкіндік беретін Президенттің 2020 жылғы 20 наурыздағы №286 Жарлығының ережелерін басшылыққа алды.
Премьер-Министр отандық бизнес өкілдерінің бастамасын қолдап, Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығының жобасын дайындауды, сондай-ақ оны осы аптаның соңына дейін Мемлекет басшысының қарауына енгізуді тапсырды. Жедел штабтың келесі отырысы 24 наурызда өтеді.