Дәдебай: Құрылтай депутаттары Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындауға күш салады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай депутаттардың алдында қандай міндет тұрғанын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, Жолдау – еліміздің жаңа жағдайдағы алдағы нақты даму бағдарын айқындайтын бағдарламалық құжат. Ол Конституция қабылданып, бүкіл саяси жүйе жаңғыртылғаннан кейінгі алғашқы жолдау. Енді Мемлекет басшысы жаңа саяси институттардың алдына нақты міндеттерді қойып отыр. Бұл жүргізіліп жатқан реформаларды нақты мазмұнмен байытып, олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, - деді ол.
Дәдебай Құрылтай депутаттарына Президент зор үміт артып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, Президенттің басты назарында әрдайым халық және олардың әл-ауқаты, өңірлерді дамыту мәселелері тұр.
Әрбір қазақстандық Жолдаудан өзі үшін маңызды шешімдерді таба алады. Ең бастысы Жолдау еліміз бен азаматтарымыздың игілігі жолында барлық мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жүйелі әрі қарқынды жұмыс істеуіне тың серпін береді. Президент ұзақ уақыт бойы тиісті шешімін таппай келген түйткілді мәселелерге тағы да нақты жауап берді. Олар еліміздің алдағы ұзақ жылдарға арналған табысты әрі орнықты дамуының берік негізін қалайды, - деп айтты Құрылтай спикері.
Оның айтуынша, Құрылтай депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған барлық бастамасын толық қолдайды. Президент жариялаған реформалардың прогрессивтілігі және дер кезінде қолға алынғанын атап өтті.
Дәдебай атағандай, депутаттық корпус Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын сапалы әрі уақытылы орындау үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Әсіресе Жолдаудың мән-мазмұнын қоғамның барлық тобына кеңінен түсіндіруге және оны іске асыру жолында азаматтарды ортақ мақсаттарға жұмылдыруға ерекше назар аударылады.