Дәдебай: «Әділет» партиясының тарихи миссиясы – жаңа Конституция қағидаттарын нақты саясатқа айналдыру
Съезд – қатардағы ұйымдастырушылық жиын емес, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі Қазақстандағы алғашқы ірі саяси оқиғалардың бірі.
«Әділет» партиясының кезектен тыс ІІІ съезінде партия төрағасы Айбек Дәдебай жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі кезеңді Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа дәуірдің бастауы деп бағалап, партияның алдағы саяси бағыты мен негізгі міндеттерін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Партия төрағасының айтуынша, бүгінгі съезд – қатардағы ұйымдастырушылық жиын емес, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі Қазақстандағы алғашқы ірі саяси оқиғалардың бірі.
Әрбір саяси партияның тарихында оның тағдырын айқындайтын ерекше кезеңдер болады. Бүгінгі съезд – дәл сондай тарихи белес. Қысқа уақыт ішінде біз Қазақстанның саяси кеңістігінде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына үлес қостық. Әділетті талапқа, жауапты саясатқа және ел мүддесіне қызмет етуге негізделген жаңа ұстанымдарды орнықтыруды мақсат еттік, – деді ол.
Ол 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияны Қазақстанның мемлекеттік-саяси жүйесін жаңғыртқан тарихи құжат ретінде бағалады. Оның сөзінше, бұл құжат азамат пен мемлекет арасындағы қоғамдық келісімді жаңа деңгейге көтеріп, әділеттілікке, заң үстемдігіне, адам құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға негізделген саяси жүйенің іргетасын қалады.
Ендігі басты міндет – жаңа Конституцияның алтын өзегіне айналған қағидаттарды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Әділетті сот, тиімді мемлекет, адал экономика, жауапты азаматтық қоғам, еңбек пен білім жоғары бағаланатын орта – мұның барлығы Конституцияның нақты өмірдегі көрінісі болуы тиіс, – деді партия төрағасы.
Оның айтуынша, «Әділет» партиясы жаңа Конституцияның құндылықтарын қоғамдық саясатқа, жүйелі реформаларға және әрбір азамат сезіне алатын нақты нәтижелерге айналдыруды өзінің тарихи миссиясы деп санайды.
Съезде партияның жаңартылған жарғысы, сайлауалды бағдарламасы және Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді.
Партия төрағасы қабылданған құжаттардың алдағы бес жылдағы партия қызметінің негізгі бағытын айқындайтынын атап өтті.
Партия болуды ұран емес, нақты іс-қимыл бағдарламасы айқындайды. Біз қабылдаған сайлауалды бағдарлама – орындалмайтын уәделер жиынтығы емес, алдағы кезеңде атқарылатын нақты жұмыстардың кешенді жоспары, – деді ол.
Дәдебайдың айтуынша, саяси күш ең алдымен «елді қайда бастайды және оған қалай жетеді?» деген сауалға нақты жауап беруі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, партияның жаңа бағдарламасы Қазақстанның алдағы бес жылдағы даму бағытын айқындайтын тұжырымдамалық құжат ретінде әзірленген.
Сонымен қатар ол сайлауалды бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бастамалары, әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері, партия өткізген стратегиялық сессиялар, сарапшылардың ұсыныстары мен азаматтардың пікірлері негізінде дайындалғанын айтты.
Партия төрағасының сөзінше, мыңдаған ұсыныстың ішінен елдің ұзақмерзімді дамуына ықпал ететін стратегиялық шешімдер іріктелген. Бағдарламаның басты ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың емес, қарапайым азаматтың мүддесіне бағытталуында.
Бағдарламаның әрбір бөлімінің өзегінде нақты адам, оның өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты тұр, – деп түйіндеді Дәдебай.
Айта кетейік, бұған дейін партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі Қарлығаш Жаманқұлова Жастардың баспаналы болуына әр облыс 1 млрд теңгеден бөлуі керек деп айтты.