Бүгiн 2026, 13:36 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Дабылға – бір сағат, әрекет етуге – бір тәулік: Буллингке қарсы күрестің жаңа ережелері

Буллинг және зорлық-зомбылық жағдайлары туралы ақпарат Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне бір сағат ішінде түсуі тиіс.

Қазақстанда балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен буллинг жағдайларына ден қоюдың бірлескен алгоритмі бекітілді. Жаңа тәртіпке сәйкес, мұндай фактілер туралы ақпарат уәкілетті органдарға бір сағат ішінде түсуі тиіс, ал барлық мемлекеттік құрылымдар бір тәулік ішінде шара қолдануға міндетті. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсіндіргендей, құжат бірнеше мемлекеттік органның бірлескен бұйрығы және зорлық-зомбылық, буллинг фактілері анықталған кезде, сондай-ақ бала құқық бұзушылық әрекеттердің куәгері болған жағдайларда әрбір қызметтің іс-қимылын реттейді.

Ең бастысы, бұл алгоритмде бір сағат ішінде міндетті түрде реакция білдіру қарастырылған. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайлар туралы өңірлерден келетін ақпаратпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бір күн ішінде барлық мемлекеттік құрылымдардың осы жағдайларға, соның ішінде зорлық-зомбылық куәгерлеріне қатысты әрекет етуі қарастырылуы керек, – деп хабарлады брифинг барысында.

Алгоритмге сәйкес, Ішкі істер министрлігі қылмыстық-құқықтық және әкімшілік салалардағы қорғау шараларына жауапты. Оқу-ағарту министрлігі психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз етеді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі балаға медициналық көмек қажет болған жағдайларда өз алгоритмі бойынша әрекет жасайды.

Бұдан бөлек, егер жағдай білім беру жүйесінің құзыретіне жататын болса, мәселе үш күн ішінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі өңірлік комиссияның қарауына шығарылуы тиіс.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл құжат әртүрлі мемлекеттік органдардың ден қою тетіктерін біріктіретінін және балаға көмек көрсетуді бірыңғай алгоритм принципі бойынша үйлестіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бала құқықтарын қорғау күшейтілетіні, енді омбудсмендер жабық мекемелерге кедергісіз кіре алатыны хабарланды