Дәрілік заттарды заңсыз сату бойынша 537 факті анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Карантиндік шараларды сақтау және олардың аралық нәтижелері туралы" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтты.

Біз 5 шілдеден бастап өзіміздің негізгі міндеттерімізбен қатар, үш міндеттің жүзеге асырылуын назарда ұстап отырмыз. Ең алдымен, бұл – дәрілік заттардың заңсыз сатылу, карантиндік шаралардың бұзылу фактілерін анықтау және денсаулық сақтау органдарына коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болғандарды анықтауда қол ұшын беру. Қазіргі таңда біз 199 сырқат ошағын, 366 карантиндік нысанды бақылап отырмыз. Жалпы, дәрілік заттарды заңсыз сату бойынша 537 факті анықталып, оның 58-і бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз айналымнан 70 мыңнан астам медициналық препарат (400-ден аса атаулы дәрі), 500 мыңнан астам медициналық маска және 36 мыңнан астам өзге де медициналық өнім тәркіленді. Өнімдердің көпшілігі Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау, Жамбыл облыстарында анықталды, - деді ол.

Алексей Калайчиди брифинг барысында заңсыз сауда бойынша бірнеше мысал келтірді. Оның айтуынша, елордадағы заңсыз медициналық өнімдер саудасы Instagram әлеуметтік желісі арқылы жүргізілген. Заңсыздықпен айналысқан 30 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынынан "ЦЕФ-3", "Преднизолон" сияқты препараттардың 130 қорабы тәркіленген.
Ал Көкшетау қаласында медициналық препараттарды заңсыз сатумен қаладағы ауруханалардың бірінде қызмет ететін медбике айналысқан. Алматы қаласының үш тұрғыны Қытайда өндірілетін өнімдерді жаппай сатуды жүзеге асырып келген. Олардың автокөліктерінен мыңнан астам дәрі қорабы табылған. Ақтөбе облысында дәрі заңсыз жолмен азық-түлік дүкенінде сатылған. Бұл жерден 59 түрлі дәрінің 112 қорабы тәркіленген. Павлодар облысында заңсыздық фактісі тиісті құжаты жоқ дәріханада анықталды. Ол жерден де мыңнан астам вирусқа қарсы және антибактериалды дәрілер қорабы табылған. Түркістан облысының 40 жастағы тұрғыны өз үйінен процедуралық кабинет ашып, медициналық қызмет көрсетіп қана қоймай, медикаменттерді заңсыз сатумен айналысып келген, - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы