Дәріханалардағы кезек азайды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Маусым айымен салыстырғанда дәріханалар алдындағы кезек әлдеқайда төмендеді. Бұл туралы Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Дастан Қайратұлы онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, кезектің азаюына дәрі-дәрмектер бағасы мен қолжетімділігі колл-орталықтар мен интернетте жариялануы себеп болған. 

Яғни 103.kz сайты мен колл-орталықтар, сондай-ақ, ірі дәріханалардың сайтында жарияланған мәліметтерге байланысты дәріханалар алдындағы кезек азайды. Пневмонияны емдеуге арналған 19 дәрінің тізімі бойынша баламасы қолжетімді. Күнделікті негізде құрамында әкімдіктің қызметкерлері, прокуратура, Әуезов аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау және қауіпсіздік басқармасының өкілдері бар мобильдік топ жұмыс істеуде. Мобильді топтың жұмысы барысында дәрі-дәрмектің бағасын қымбаттату бойынша 8 дерек тіркелген. 4 дәріхана әкімшілік жауапқа тартылды, - дейді әкім орынбасары. 

Дастан Қайратұлы Әуезов ауданында 205 дәріхана бар екенін, оның 14-і қалалық әкімшілікпен меморандум жасап, дәрілерді жеткізу бойынша қол қойғанын айтты. 

Дәріханаларда 19 дәрі бойынша аптасына екі рет және 41 атаулы дәрі бойынша аптасына бір рет олардың бағасына мониторинг жүргізілуде, - дейді ол. 

Сондай-ақ, ол Әуезов ауданында карантин режимін бұзушыларды анықтайтын 8 мобильді топ жұмыс істеп жатқанын жеткізді. 

Осы жылдың 5-18 шілдесі аралығында аудандағы 309 нысан тексерілді. Оның ішінде ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабына сай халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша 30 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, 51 нысанда құқық бұзушылық анықталып өз жұмысын тоқтатты. Қалғандарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді Дастан Қайратұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы