Дәрігер: Жұрт бұл індетті өтіп кетеді деп ойлайды, шындығында, бұл - контагиозды ауру

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Медицина ғылымдарының кандидаты, "С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті" КЕАҚ ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, Еуропалық кардиологтар қоғамының тромбоз және "инсульт және жүрек" бойынша жұмыс тобының мүшесі Ахметжан Сүгірәлиев елдегі шектеу шаралары жеңілдетілгенімен де, эпидрежимді әр адам әлі де сақтауы керек екенін айтты.

Эпидемия кезінде еліміздегі стационарлардың жүктемесі артып, онда науқастар саны да шектен тыс көп еді. Ал қазір ауруханалардағы пациенттер саны азайып, инфекциялық стационарлар штаттық режимге көше бастады. Әрине, эпидемиологиялық жағдайда жұмыс істеп жатқан ауруханалар әлі де бар. Сондықтан, әрқайсымызға эпидрежим сақтауды естен шығармау керек, - дейді ол. 

Ахметжан Бегалыұлы көшеде халықтың масканы қалай таққанына байланысты, "жұрт бұл індетті өтіп кетеді деп ойлайды, шындығында, бұл - контагиозды ауру" екенін айтады.
Бойында коронавирусы бар бір адам ондаған адамға вирус жұқтыруы мүмкін. Бір адамның өзгелерге вирус жұқтыру көрсеткіші кейде, тіпті, 50-70 адамға дейін барып қалады. Бұл - өте қауіпті. Сол себепті де аса сақтықпен жүру керек. Бұған дейін де талай айтылып келді, медицина маманы ретінде тағы айтарым, адам көп шоғырланған жерлерге бармау, үнемі маска тағып жүру, қарапайым гигиена ережелерін сақтау сияқты нормаларды естен шығармаған жөн, - дейді дәрігер. 

Айта кетейік, 13 тамызда ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен мемлекеттік комиссия отырысы өткен болатын. Онда елдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы