Дәрі-дәрмек бағасын көтергендер жауапқа тартылып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, бұған дейін аталған департамент пен Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығымен дәрі-дәрмектердің бағасын шектен тыс көтермеу жөнінде меморандум жасалған. Оның аясында 103 дәрі түрінің бағасын көтермеу қарастырылған. 
Осы тізім бойынша әкімдік пен біздің қызметкерлер күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Қаладағы 8 ауданның 135 дәріханасын тексеріп шықтық. Өкінішке қарай, кейбір дәріханаларда бағаны көтеру дерегі тіркелді. Нәтижесінде 5 материал жауапқа тарту үшін сотқа жіберілді, - деді ол. 
Сонымен қатар, ол қала тұрғындарын медициналық маскімен қамтамасыз ету үшін қалалық жедел штаб пен өндіруші "Dolce-Pharm" ЖШС арасында келісім жасалғанын айтты.
Келісім бойынша өндірушілер 70 дәріханаға жеткілікті деңгейде әрі қолжетімді бағада маскі жеткізіп жатыр. Кеше бұл дәріханаларда 144 мың маскі болса, бүгін 250 мыңға жуық медициналық маскі бар екені анықталды. Келісім бойынша бір адамға он данадан артық берілмейді және үш қабатты медициналық маска – 87, фильтрі бар – 111 теңгеден аспауы керек. Бұл еліміз бойынша белгіленген ең төмен бағаның бірі, - дейді Молдағасымова. 

Сондай-ақ, ол заңсыз сатылмақ болды деп тәркіленген маскілер де медицина мекемелері мен дәріханаларға жеткізілгенін айтты.

Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова дәріхана қызметкерлері коронавируспен күресте алғы шептегі қызметкерлердің қатарында екенін айтады.
Дәріхана қызметкерлері ауыратын адамдармен тікелей байланыс жасайтындықтан, олар да тәуекел тобына жатады. Олар да сақтық шараларын қолданып, залалсыздандыру құралдарын пайдалануда, - дейді Марина Дурманова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы