Дүниежүзілік тазалық күнінде ағаш отырғызылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қыркүйек айының үшінші сенбісі – дүниежүзілік тазалық күні. Осыған байланысты бүгін елордада Үкімет мүшелері мен депутаттар сенбілікке шығып, ағаш отырғызды.


Еліміздің бас экологі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен бұл жылы акция бір уақытта бүкіл өңірде өтіп жатыр. Елорданың шенеуніктері триатлон паркта орналасқан жаңа саябақта үйеңкі, қарағаш, емен, қарағай, шырша, қарағай көшеттерін отырғызды.


Аталған іс-шараға министр Мағзұм Мырзағалиевтен бөлек, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және қос палатаның депутаттары, қоғам белсенділері, Қыдырәлі Болманов, Досымжан Таңатаров секілді танымал әртістер қатысты.



Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу тапсырмасын орындауға бағытталған бүкілхалықтық акцияның тек бастамасы. Ағаш отырғызу ел бойынша әлі жалғасын табады. Негізінен осы жерде, елорда орталығында жаңа парк болады. Болашақта бұл ағаштар спортшыларды желден қорғайды. Азаматтар жиі келетін, демалуға ыңғайлы, әрі әдемі орынға айналады. Қоршаған ортаның жақсаруына әсерін тигізеді, - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.


Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл Мемлекет басшысының ағаш отырғызу және Қазақстанның елді мекендерін көгалдандыру жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы алғашқы қадам екенін атап өтті.


Президентіміз жолдауда экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған басымдық екенін атап көрсетті. Соған сәйкес мемлекеттік органдарға, Парламентке, қоғамдық институттарға нақты міндеттер жүктелді. Соның аясында жыл соңына дейін елімізде Экологиялық кодекс қабылданады. Бұл құжат экологияға қатысты басқа да заңдар сияқты алдымен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен талқыланып, пысықталады. Осы аптада Сенат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң қабылданды. Бұл құжат пайдаланылмай, бос жатқан жерлерді Іле Алатау табиғи паркі мен Бурабай ұлттық паркінің құрамына қайтаруға мүмкіндік береді. Мұндай көгалдандыру жұмыстарының берері мол және «World cleanup day» сияқты акциялардың бүкіл әлем үшін маңызы зор. Қазіргі таңда экологиялық мәселе бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жер бетінде көптеген табиғи орындар, ормандар мен өзен-көлдер адамдардың салғырттығынан зардап шегуде. Бұл – дабыл қағарлық жайт. Біздің елімізде де осы салада мәселе аз емес. Сондықтан бәріміз жұдырықтай жұмылып, осындай игі бастамаларға белсенді түрде атсалысуымыз керек, - деді Мәулен Әшімбаев.




Ол осынау үлкен халықаралық бастаманы мемлекеттік емес ұйымдар көтеріп жатқанын айта кетті.


Соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлемде қыркүйек айының ішінде осындай шаралар өтуде. Мысалы, былтырғы жылы халықаралық тазалық күніне 180 мемлекетте 20 млн-нан астам адам қатысқан. Бүгін экология министрлігінің және елорда әкімдігінің бастамасымен осындай жақсы шара өтіп жатыр. Бір жағынан тұрмыстық қатты қалдықтардан саябақтарымызды, көшелерімізді тазартсақ, екінші жағынан ағаш отырғызудамыз. Бұл құптарлық бастама. Жалпы, қоршаған ортаны қорғау біздің басты басымдықтарымыздың бірі, - деді Сенат спикері. 




Ол бұл бастаманың тұсаукесері елордамызда өтіп жатқанын да тілге тиек етті.



Жалпы, алдағы уақытта осы бағытта көп жұмыс атқаруымыз керек. Заңдар да қабылдануы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты депутаттар да жалғастырады. Қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың мақсаты мен міндеті емес. Өйткені, қоғам мен мемлекеттік органдардың жұмысын біріктіргенде ғана жұмыс нәтижелі болады. Сондықтан әрбір қазақстандық қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезінуі тиіс. Табиғат байлығын қорғау, аялау, табиғатқа деген дұрыс көзқарас ата-бабамызға тән қасиет. Қазақ халқы ежелден табиғатпен үйлесімді тіршілік еткен, - деді Мәулен Әшімбаев. 


Айта кетейік, «World cleanup day» акциясы бүгін Қазақстанның барлық өңірінде өтіп жатыр. 






Еріктілер, белсенділер, қоғам өкілдері табиғи аумақтарды қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады. Қатысушыларға қажетті жабдықтар беріледі.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы