Абай-175: Дүниені оймен шолған хакім Абай!..

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Осындай тақырыппен Көкшетаудағы Әдебиет және өнер музейі әдеби-сазды кеш өткізді.

Оған әдебиетші-ғалымдар, ақын-жазушылар, театр, мәдениет қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты. Музей шарасы өңірдегі "Ел-Жастар" театры ұсынған жарасымды көрініспен басталды.

Әдебиетшілер Абайдай алыптың еңбектерін әр қырынан баян етті. Абайдың өскен ортасы, әкесі, аталарының ел тізгінін ұстаған билер, сөз ұстаған шешендіктері, "Қара сөздерінің" әлем елдеріндегі оқылуы, бағалануы туралы әңгімеледі.


Жапондықтар философтар шығармаларының құндылығы жөнінде копьютерге салып салыстырғанда, алға басқаларға қара үздіріп, Абайдың "Қара сөздері" шыға беріпті. Жазушы Роллан Сейсенбаев Лондонда, Германияда Абай орталығын ашқан. Енді Америка қалаларында ашпақ. Қай елдің болмасын Абай шығармашылығына деген қызығушылығы, оны бағалауы ерекше. Шаймерден Қосшығұлов Ресей думасына 1909 жылы шыққан Абай кітабын тарту еткен, - дейді әдебиетші ғалым Аманжол Есмағұлов.
Ғалымдар айтқан пікір, келтірген деректер түйдек-түйдек бірінен бірі қызық, бірінен бірі озық. Зиялы қауым өкілдері Абай мұраларын зерттеу мәселесіне жете көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Ақын мерейтойы қарсаңында "Абайдың ашылмаған беттері" деген тақырыппен "Шаймерден Қосшығұлов пен Абай", "Біржан сал мен Абай", "Науан хазірет пен Абай" деген мәселелерді кеңінен зерттеуіміз керек, - дейді Ш.Уалиханов атындағы мемлекеттік университетінің проректоры, тарихшы Аманай Сейітқасымов.

Қаладағы Ж.Мусин атындағы жоғарғы колледжде де еліміздің әр түкпірінен арнайы қонақтар келіп қатысатын, жаңа форматтағы шаралар
өткізілмекші.

Абай сөзі ғасырға таяу уақыт бұрын айтылса да, қазіргі уақытта да, келер шақта да ескеріп, орындайтын адамзат өмірінің саналы ғұмыр кешуіне жол ашады. Білімсіз, ғылымсыз, озық ойсыз тек қана ішсем, жесем, алсам деген қанағатсыз бос өмір өзіне де, қоршаған ортасына да пайдасы болмайтынын мензеген. Осы орайда көкшетаулық ақын-жазушылардың Абайға арнаған дүниелерінен арнайы кітап шығарса артық болмайды, - дейді аталған оқу орнының директоры Нұртас Ахат.
Кеш қонақтары өрбіткен мазмұнды әңгімелер Қажыбай Жахиннің орындауындағы "Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?", Әбсалық Салықтың орындауындағы "Сегіз аяқ", Төлеген Амановтың орындауындағы "Өзгеге көңілім тоярсың", "Сегіз аяқ" сияқты Абай әндерімен өрілді.

Шара соңынан жиылған қонақтар мен ұйымдастырушылардың Абайдың "Көзімнің қарасы" әнін қосыла шырқауы ерекше тебірентерлік
олжа болды. Әр жүрек Абайға деген құрметі, таңданысын, толғанысы мен тебірінсін осы ән әрқылы жеткізгендей болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы