Д дәруменінің тапшылығы несімен қауіпті?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Д дәрумені – адам организміндегі барлық процеске қатысатын маңызды қоректік зат екені белгілі. Оның тапшылығы неге әкелуі мүмкін?

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №8 қалалық емханасының жалпы практикалық дәрігері Шолпан Дайрабаева айтып берген болатын.

Дәрігердің айтуынша, Д дәрумені – жасушалардың өсуін бақылау мен иммундық жауапқа тікелей қатысады. Заттек ағзадағы кальций мен фосфордың мөлшерін реттеуге көмектесетіндіктен, ол сүйек, тіс пен бұлшықет үшіе аса қажет.

Д дәрумені табиғи түрде өте аз мөлшерде тағамда болады. Азық-түліктегі оның көлемі адамның оған күн сайынғы қажеттілігін қанағаттандыруға көмектеседі. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, былтыр жер бетінің тұрғындарының жартысы Д дәруменінің тапшылығын сезінген. Әсіресе, егде жастағы адамдар мен артық салмағы бар жандарда қатты байқалыпты. 
Дәрігердің айтуынша, бұл дәрумен жеткіліксіздігінің симптомдары нақты болмағанымен, оны бірнеше белгілер арқылы байқауға болады. 

Шаршағыштық пен әлсіздік 

Д дәрумені – сүйек саулығының негізгі кепілі. Сол себепті оның жеткіліксіздігі сүйектер мен бұлшықеттің әлсіздігін тудырып, үнемі шаршағыштыққа әкеледі. Сол үшін қосымша Д дәруменін қабылдаған артықтық етпейді. 
 
Сүйек пен буындардың ауырсынуы 

Д дәрумені сүйек массасын ұлғайтып, оның жоғалуының алдын алуға қабілетті. Егер сүйек пен буында ауырсыну жиілеп кетсе, қандағы Д дәруменінің деңгейін тексерткен жөн. Кейінге шегеру беру ревматоидты артриттің дамуына әкеліп соғуы әбден ықтимал.

Жараның көпке дейін жазылмай қоюы 

Егер денеңіздегі жараның ұзақ уақыт бойы жазылмай қойғанын байқасаңыз, бұл да аталған дәрумен тапшылығының себебі болуы мүмкін. Өйткені Д дәрумені бұл процеске жауап береді. Жаңа тіннің өсу факторын реттеп отырады. 

Инфекцияны жиі жұқтырып алу 

Д дәрумені иммундық жүйені қолдап тұратындықтан, организмдегі қабыну реакциясын басып отыратын сенімді көмекші. Одан бөлек, ол жоғарғы тыныс жолдары инфекциясының алдын алады. 

Дәрігерден кеңес: Д дәруменін қосымша күзде және қыста қабылдаған дұрыс. Әсіресе, коронавирус індеті өршіп тұрған тұста өте қажет. Алайда оны қабылдамас бұрын дәрігермен кеңесіп, дұрыс дозасын белгілеп алыңыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы