Cуицид статистикасына талдау: Деректер нені көрсетті?

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті qamqor.gov.kz порталына жыл сайын жасалған суицидтер жөніндегі мәліметтерді жариялап отырады. BAQ.KZ тілшісі 2025 жылдың қарашасына дейінгі жағдайды 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырып, деректерге талдау жасады.

Бас прокуратура берген мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың қарашасына дейін Қазақстанда 2925 адам суицид салдарынан қаза тапты. Ал 2024 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 3188 адамды құрады. Яғни бір жыл ішінде тіркелген суицид фактілері 263 адамға азайған, бұл шамамен 8 пайызға жуық төмендеу бар екенін көрсетеді. Дегенмен көрсеткіштің азаюы мәселенің өзектілігін жоймайды, себебі бұл статистиканың артында мыңдаған қазақстандықтың қиылған өмірі тұр.

Екі жылды салыстырғанда, суицид жасағандардың басым бөлігі екі кезеңде де алкогольді ішімдік ішпеген, сау күйде болған. 2024 жылы бұл сан 2565 адам болса, 2025 жылы 2360 адамға дейін төмендеген. Ал алкогольдік масаң күйде өзіне қол жұмсағандар саны 2024 жылы 515 адам, 2025 жылы 463 адам болған. Ал есірткінің әсерімен өзіне қол жұмсағандар екі кезеңде де өзгермей, 7 факт болып қалған. Токсикоманиялық масаң күй 2024 жылы 3 жағдайда анықталса, 2025 жылғы деректе мұндай жағдай мүлде тіркелмеген. Өзге де ауыр психикалық немесе аурулық күйдің әсерімен суицид жасағандар 2024 жылы 104, ал 2025 жылы 100 адам болған. Бұл деректер суицидтің негізгі бөлігі саналы, сергек күйде жасалатынын және мәселенің түп-тамыры психологиялық әрі әлеуметтік факторларда жатқанын айқын көрсетеді.

Анықталған факторлар арасында екі кезеңде де ауыр материалдық жағдай алдыңғы орынға шыққан. 2024 жылы қаржылық қиындықтар 210 адамды, ал 2025 жылы 287 адамды суицидке итермелеген. Бұл – бір жыл ішінде бұл фактордың айтарлықтай өскенін білдіреді және экономикалық қысымның күшейгенін аңғартады. Жалғыздық пен қоғамнан шеттетілгенін сезіну де маңызды себеп болып қала берген: 2024 жылы 178, 2025 жылы 230 адам осы себеппен өмірімен қоштасқан.

Отбасылық және әлеуметтік қақтығыстар бойынша кейбір өсім байқалады. Туыстармен жанжал 2024 жылы 27 болса, 2025 жылы 55 жағдайға жеткен. Жұбайымен қарым-қатынастың шиеленісуі 12-ден 28-ге артса, ал ата-анамен конфликт 19-дан 11-ге төмендеген. Оқу немесе жұмыс орнындағы қақтығыстар екі кезеңде де аз деңгейде қалып, 2024 жылы 8, 2025 жылы 3 жағдай болған. Ажырасу немесе отбасылық қатынастың үзілуі 2024 жылы 94, 2025 жылы 103 адамға ауыр соққы болған.

Денсаулық пен жеке жоғалтуға байланысты себептерде де айырмашылық бар. Ауыр соматикалық аурулар 2024 жылы 72, 2025 жылы 104 адамға әсер еткен, яғни бұл фактор айтарлықтай артқан. Жақын адамынан айрылғандықтан өзіне қол салу 22-ден 31 жағдайға өскен. Әлеуметтік мәртебеден айрылу 2024 жылы 7, 2025 жылы 14 адамның суицид жасауына себеп болған. Жазадан немесе масқара болудан қорқу екі кезеңде де салыстырмалы түрде тұрақты: 9 және 19 жағдай.

Зорлық-зомбылыққа қатысты деректер екі жылда да аз болғанымен, алаңдатарлық жағдай ретінде қалып отыр. 2024 және 2025 жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін өзіне қол жұмсағандардан 2 жағдайдан тіркелсе, буллинг бойынша 2024 жылы бірде-бір жағдай тіркелмей, 2025 жылы 1 факт көрсетілген. Сексуалдық зорлық-зомбылық 2024 жылы 11 болса, 2025 жылы 4 жағдайға дейін азайған.

Жалпы алғанда, 2025 жылы суицид санының аздап төмендеуі байқалғанымен, негізгі тәуекел факторлары – қаржылық қиындық, жалғыздық, отбасылық дағдарыс пен денсаулық мәселелері өз маңызын жоғалтпаған. Керісінше, кейбір әлеуметтік-экономикалық және медициналық себептердің күшейгені көрінеді. Бұл деректер суицидтің алдын алу үшін тек медициналық емес, кешенді әлеуметтік, психологиялық және экономикалық қолдау тетіктерін күшейту қажеттігін тағы да дәлелдейді.

Суицидке алып келген себептерді салыстырғанда, екі жылда да нақты себептері анықталмаған жағдайлар басым. 2024 жылы себептері белгісіз деп 2526 адам, ал 2025 жылы 1998 адам тіркелген. Бұл көрсеткіштің азаюы белгілі бір деңгейде талдау жұмыстарының жақсарғанын аңғартқанымен, әлі де көптеген жағдайдың шынайы себебі анықталмай қалып отырғанын көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы