«CTS» жаңа мобильді қосымшасын іске қосты

«City Transportation Systems» ЖШС қоғамдық көлік жолаушыларына, паркингтерді жалға алушыларға және велошеринг пайдаланушыларына арналған өзінің «CTS» жаңа мобильді қосымшасын іске қосты. Қосымшада velobike.kz сайты және «Transcard», «CTS Parking» сервистері біріктірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«CTS» жаңа мобильді қосымшасының көмегімен пайдаланушылар «Astrabus», «2GIS» және «Яндекс. Карталар» баламасы ретінде бағдарларды нақты уақыт режимінде бақылай алады. Сондай-ақ қаражатты банк картасынан ұстай отырып, QR-код бойынша жол ақысын ыңғайлы төлеу мүмкіндігі бар. Тек картаны қосымшаға біріктірсеңіз жеткілікті.

Біздің компанияның басты міндеті – елорда тұрғындары мен қонақтары үшін көрсетілетін қызметтерімізді барынша ыңғайлы ету. Осы уақытқа дейін бізде көрсетілетін қызметтердің үш бөлек сервисі болатын: «Transcard» қосымшасы, «CTS Parking» сервисі және velobike.kz сайты. Бұл аса ыңғайлы емес еді. Ал енді ыңғайлы болу үшін біздің қызметтеріміздің бірыңғай терезесі – «CTS» мобильді қосымшасын жасадық. Мысалы, «Transcard» сервистерін біріктіре отырып, жаңа қосымшаның пайдаланушыларына көлік картасын тіркеу және толықтыру, теңгерімді көшіру, жүрген жолдар тарихын қарау қызметтері қолжетімді. Сондай-ақ, кассалар мен көлік картасын толтыру пунктерінің орналасқан жері мен мекенжайларын көруге де болады. Бұдан бөлек, жаңа қосымшада пайдаланушылар тіркеліп, «Astana bike» велопрокат сервисінің жеке кабинетіне кіре алады. Сондай-ақ, онда абонемент сатып алуға, теңгерімді толықтыруға, велостанциялардың орналасқан жерін, велосипедтер мен бос құлыптардың қолжетімді санын көруге болады, - деді «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасы Ғани Тәжиев.

Сонымен қатар «CTS» жаңа мобильді қосымшасында Сity Transportation Systems компаниясының паркингтерін жалға алушылар үшін тұрақ орындарының орналасқан жері мен қолжетімді тұрақтар санын көре отырып, онлайн-жалдау қызметтері де бар.

«CTS» мобильді қосымшасын Google Play және App Store онлайн-дүкендерінен тегін жүктеп алуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы