Creative Aimaq: Алматы облысының креаторлары 9 млн теңгеден астам өнім сатты
Creative Aimaq жобасы өңірлік креаторларды танытуға, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға және кәсіптерін дамытуға бағытталған.
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq жобасы аясында Алматы облысының креативті жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеде зергерлік бұйымдар, ағаш пен теріден жасалған өнімдер, ұлттық тоқыма, киім-кешек, сырмақ, сөмке, әмиян, белдік, кәдесыйлар және бейнелеу өнері туындылары ұсынылды.
Келушілер картиналарға ерекше қызығушылық танытты. Ең қымбат туынды 5 млн теңгеге сатылса, тағы бір картина 1 млн теңгеге өтті. Сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен әшекейлердің бағасы 73 мыңнан 550 мың теңгеге дейін жетті.
Іс-шара барысында зергерлік өнер, киіз және жүн өңдеу, қыш жасау, ағаш пен тері өңдеу, ою-өрнек және музыкалық аспаптар жасау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Алматы облысы: дәстүр мен креатив» жобасы таныстырылып, «Өнерлі өлке» концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Екі күннің қорытындысы бойынша Алматы облысының креаторлары 9 млн теңгеден астам өнім сатты. Жәрмеңкеге елорданың 2 мыңға жуық тұрғыны мен қонағы қатысты.
Creative Aimaq жобасы өңірлік креаторларды танытуға, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға және кәсіптерін дамытуға бағытталған.
Бүгінге дейін жоба аясында Қазақстанның 8 өңірінде жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 352 креатор қатысты. Іс-шараларға жалпы 20 690 адам қатысып, креативті өнімдердің сатылымы 42 млн 955 мың теңгеге жетті.