2 Тамыз 2026, 22:52 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Creative Aimaq: Абай облысының креаторлары екі күнде 4,8 млн теңгенің өнімін сатты

Жәрмеңкеде өңірдің қолөнершілері, суретшілері мен дизайнерлерінің 842 авторлық туындысы көпшілік назарына ұсынылды.

1-2 тамыз күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында «Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі» атты Абай облысы креаторларының жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде өңірдің қолөнершілері, суретшілері мен дизайнерлерінің 842 авторлық туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Оның ішінде 772 сәндік-қолданбалы өнер бұйымы және 70 кескіндеме туындысы қойылды. Келушілер киізден, ағаштан және былғарыдан жасалған бұйымдарды, ұлттық және заманауи киім үлгілерін, зергерлік әшекейлерді, ұлттық музыкалық аспаптарды, интерьер заттары мен кәдесыйларды, сондай-ақ өңірдің ұлттық тәттілерін тамашалады.

Іс-шара аясында Абай музейі, кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрмеде өңірдің тарихы мен мәдени мұрасы таныстырылды. Сонымен қатар Abai IT Valley алаңында ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы инновациялық жобалар ұсынылды.

Екі күнге созылған жәрмеңкеге шамамен 1 500 елорда тұрғыны мен қонағы келді. Осы уақыт ішінде Абай облысының қолөнершілері мен креативті индустрия өкілдері 4,8 миллион теңгеден астам сомаға өнім сатты.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы креативті индустрияларды дамытуға, өңірлердің мәдени әлеуетін насихаттауға, отандық авторларды қолдауға және шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.