Цой: Соңғы аптада Қазақстанда ауру жұқтырғандар саны 10% артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың есебін тыңдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен телефон арқылы сөйлесіп, еліміздегі коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде есебін тыңдады. 

Министрдің айтуынша, елордада індетті жұқтырушылар саябырлап, эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Дегенмен соңғы аптада Қазақстанда ауру жұқтырғандардың саны 10 пайызға артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1 тамыздан бастап елімізде індеттің таралу индексі 1,11-ден 1,01-ге дейін азайып, 9 пайызды құрағаны жөнінде ақпарат берілді. Алексей Цой Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралу индексі 1 бірліктен төмендегенін, Алматыда 19 пайызға азайғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда аймақтардағы 328 медицина нысанында 55 658 науқас емделіп жатыр. Республика бойынша ауруханалардағы төсек-орындардың – 54 пайызында, жансақтау бөлімдерінің 45 пайызында науқастар ем қабылдауда.

Алексей Цойдың айтуынша, қазіргі таңда 5,9 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компоненті салынып, екпе алатын тұрғындардың 59 пайызын құраған. 4,5 млн адамға екпенің екінші компоненті салынып, екпе салынатын тұрғындардың 45,2 пайызы қамтылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы