Цой «қызыл аймақта» орналасқан өңірлерді атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидахуал туралы баяндады. Ол атағандай, Қазақстан қазіргі күні «сары аймақта» орналасқан.
Әлемде COVID-19 ауруы мен өлімі бойынша жағдай тұрақты емес. Бүгінгі таңда әлемде КВИ-дің 167 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 450 мыңнан астам жағдай анықталып отыр. 3,4 млн астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,1%-ды құрады, - деді министр.
Оның сөзінше, 221 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан ауру жұқтыру көрсеткіші бойынша 104-орында, ал өлім көрсеткіші бойынша 111-орында.
Қазақстанда 25 мамырдағы жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 376 572 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 54 716 жағдай тіркелді.
Қазақстан Республикасы «сары аймақта» орналасқан. «Қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары. Батыс Қазақстан облысы «қызыл» және «сары аймақтардың» шекарасында орналасқан, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Сонымен қатар «сары аймақта» 6 өңір бар. Олар - Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы. Қалған 5 өңір «жасыл аймақта».
Қызылорда облысы «жасыл» аймаққа көшті. Сонымен қатар Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстары да бар.
Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайдың сырқаттанушылық деңгейін төмендету және біртіндеп тұрақтандыру бойынша оң тенденция байқалады, - деді Цой.