Цой «COVID-19 – МСАК үшін үлкен сабақ» конференциясына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «COVID-19 – МСАК үшін үлкен сабақ» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, пандемия кезінде еліміздегі алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесін дамытудың негізгі мәселелерін талқылады.

Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі хабарлады.


Министр атап өткендей, конференция ДДСҰ Еуропалық денсаулық сақтау орталығы, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі, Грузия, Литва, Украина елдерінен келген дәрігер,  ғалым, сарапшылар мен өңірлердегі дәрігерлердің басын қосты. Бұл МСАК жөніндегі 1978 жылғы Алматы декларациясында айқындалған халықтың денсаулығын сақтаудағы алғашқы медициналық-санитариялық көмектің маңыздылығын түсінуден туындап отыр.

Мемлекет басшысы МСАК-ты ұйымдастыру әдісін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Емханалардың жұмысы белсенді, форматы жағынан халыққа ыңғайлы болуы тиіс және  қызмет көрсету көлемін арттыру керек. Бүгінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі. Көптеген медициналық-әлеуметтік мәселенің  шешімі  осы МСАК-тың тиімділігіне байланысты. Коронавирус инфекциясының алдын алуда МСАК-тың рөлі өте маңызды, - деді Цой.

Министрдің айтуынша, COVID-19 пандемиясы мемлекеттер мен қауымдастықтардың, ең алдымен денсаулық сақтау жүйесінің заманауи жаһандық сын-қатерге дайындығын бағдарлайтын индикаторға айналды. Ал Қазақстан коронавирус инфекциясының алғашқы толқынынан алған сабағы -  МСАК-ты нығайту. 

Цой конференцияны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төрегелді Шарманұлы Шармановты 90 жасқа толған туған күнімен тағы да құттықтады.

Профессор өз сөзінде Алматы декларациясы 1978 жылғы 12 қыркүйекте «Денсаулық баршаға» ұранымен өткен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференцияның соңғы күні қабылданғанын еске салды. Утопияға қарамастан, бұл ұран және оған енгізілген принциптер әлемдік денсаулық сақтауды дамытуда маңызды рөл атқарды. Алматы декларациясы әлемдік тарихқа «Денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» ретінде енді. 10 тармақ, үш беттен тұратын құжат әлемдік денсаулық сақтаудың іргелі негіздерін, алғаш рет азаматтардың өз денсаулығы үшін құқықтары мен жеке жауапкершілігін, сондай-ақ мемлекеттің өз азаматтарының денсаулығы үшін міндеттерін айқындап берді.


Декларация қауіпсіз қоршаған ортаны, суды, тағамды, ана мен бала денсаулығын нығайтуда медициналық көмекті, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ресурстарды жұмылдыру арқылы қол жеткізілетінін анықтады. Бүгінгі таңда бұл қағидаттар айқын көрінгенімен, 42 жыл бұрын ол әлемнің көптеген елдері үшін денсаулық сақтау саласындағы басымдықтарға ие болып, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті (МСАК) дамытуды өздерінің басты міндеті ретінде айқындауға сеп болды, - деді Шарманов.

Форум барысында қатысушылар өзекті медициналық мәселелерді талқылап, өз тәжірибесімен бөлісті.

Аталған конференция МСАК бойынша Алматы декларациясының 42 жылдығына арналады, сондай-ақ академик Төрегелді Шармановтың 90 жасқа толған мерейтойы және Қарағанды медицина университетінің 70 жылдығы да  атап өтілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы