24 Мамыр 2026, 16:52 Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

COVID-тен кейінгі қорқыныш: Хантавирус шынайы қауіп пе, әлде үрей ме?

ДДСҰ, психологтар мен санитарлық мамандар хантавирусқа қатысты қоғамдағы алаңдаушылықтың себебі мен нақты қауіп деңгейін түсіндірді.

COVID-19 пандемиясынан кейін әлем кез келген жаңа вирус туралы ақпаратқа алаңдай қарайтын болды. Соңғы апталарда Еуропада хантавирусқа қатысты жаңалықтардың жиілеуі, круиздік кемедегі ауыр жағдайлар мен әлеуметтік желідегі дабылды жазбалар қоғамдағы үрейді қайта күшейтті. Алайда мамандар хантавирусты COVID-19 секілді жаңа пандемиямен салыстыруға әзірге негіз жоғын айтады. BAQ.KZ тілшісі қоғамды алаңдатқан сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Хантавирусқа қатысты жағдай қаншалықты қауіпті?

ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің вакцинамен басқарылатын инфекциялар және иммундау бағдарламаларының үйлестірушісі, денсаулық сақтау саласының сарапшысы Қанат Суханбердиевтің айтуынша, ұйым жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

ДДСҰ ресми ақпаратты ұлттық эпидемиологиялық қадағалау жүйелері арқылы, сондай-ақ Халықаралық медициналық-санитарлық ережелер аясында алады. Қазіргі уақытта халық үшін жалпы қауіп төмен деп бағаланып отыр. Себебі хантавирустар, әдетте, адамнан адамға оңай жұқпайды. Көп жағдайда инфекция кеміргіштермен немесе олардың зәрі, нәжісі, сілекейі арқылы ластанған ортамен байланыс кезінде таралады. Әсіресе жабық әрі нашар желдетілетін орындарда қауіп жоғары болуы мүмкін. Сондықтан негізгі сақтық шарасы – адамдар арасындағы қарым-қатынасты шектеу емес, кеміргіштермен байланысты азайту және санитариялық тазалықты дұрыс жүргізу, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, соңғы апталардағы алаңдаушылыққа MV Hondius круиздік кемесіне қатысты жағдай да әсер еткен. Онда хантавирус жұқтырғандар, соның ішінде көз жұмғандар тіркелген.

Бұл оқиға халықаралық деңгейде қаралып жатыр. Эпидемиологиялық зерттеу, зертханалық диагностика, науқастарды оқшаулау және емдеу, кемедегі санитариялық шаралар жүргізілді. Бірақ мұндай резонансты жағдайлардың өзі хантавирусты “жаңа пандемия” деңгейіндегі қауіп ретінде қарастыруға негіз болмайды. Оның таралу жолы ауа арқылы тез тарайтын респираторлық вирустардан бөлек, – деді Қанат Суханбердиев. 

 COVID-тен кейін адамдар неге жиі қорқатын болды?

Мамандардың айтуынша, қазіргі алаңдаушылықтың бір бөлігі COVID-19 пандемиясынан кейін қалыптасқан психологиялық әсермен байланысты.

БҰҰ Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің психикалық денсаулық жөніндегі кеңесшісі Сымбат Абдрахманова пандемия қоғамның қауіпсіздік сезімін түбегейлі өзгерткенін айтады.

COVID-19 пандемиясы адамдардың қауіпсіздік сезіміне және психологиялық тұрақтылығына айтарлықтай әсер етті. ДДҰ мәліметтері бойынша, пандемияның алғашқы жылында әлемде үрей мен депрессиялық бұзылыстар шамамен 25%-ға артқан. Бұл әсіресе жастар мен медицина қызметкерлері арасында анық байқалды. Сонымен қатар БҰҰ балалар қоры ЮНИСЕФ балалар мен жасөспірімдер пандемияның психологиялық салдарын ерекше ауыр өткергенін атап өтті. Ұйымның “The State of the World’s Children 2021” баяндамасында әлеуметтік оқшаулану, онлайн оқу және тұрақсыздық сезімі жасөспірімдердің эмоционалдық әл-ауқатына ұзақмерзімді әсер еткені айтылған, - деп түсіндірді психолог.

Мысалы, пандемиядан кейін көптеген адамдарда денсаулыққа қатысты гиперсақтық қалыптасты. Қарапайым тұмау белгілерінің өзін қауіпті аурумен байланыстыру, жиі медициналық тексеруден өтуге ұмтылу немесе инфекциядан шамадан тыс қорқу жиілеген.

Әлеуметтік желідегі «вирустық үрей» қалай пайда болады?

Маманның айтуынша, әлеуметтік желілердегі үздіксіз ақпарат ағыны адамның мазасыздығын күшейте алады. Психологияда бұл “эмоциялық жұғу” феноменімен түсіндіріледі. Адамдар бір-бірінің қорқынышын бейсаналы түрде қабылдайды. Егер адам күн сайын жаңа вирус, қауіп немесе карантин туралы дабылды контент көрсе, оның миы бұл қауіпті шынайы әрі жақын қауіп ретінде қабылдай бастайды.

ЮНИСЕФ сарапшылары әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану жасөспірімдер мен жастарда үрей, эмоционалдық шаршау және ұйқы бұзылыстарымен байланысты екенін атап өтеді. Ал ДДҰ пандемия кезіндегі ақпараттық дүрбелеңді “инфодемия” деп сипаттап, жалған және шамадан тыс ақпарат қоғамдағы қорқынышты күшейтетінін мәлімдеді. Мысалы, әлеуметтік желілерде «жаңа өлімге әкелетін вирус таралып жатыр» деген расталмаған хабарламалар адамдардың объективті қауіп болмаса да мазасыздануына, қоғамдық орындардан қашқақтауына немесе тұрақты стресс жағдайында жүруіне әсер етуі мүмкін, - дейді Сымбат Абдрахманова.

Фейк ақпарат психологияға қалай әсер етеді? 

Сымбат Абдрахманованың пайымдауынша, фейк ақпарат қоғамдағы үрейді бірнеше есе күшейте алады. Әсіресе денсаулыққа қатысты жалған немесе эмоциялық ақпарат адамдардың қорқынышын арттырып, қауіпті шешімдер қабылдауына ықпал етеді.

Пандемия кезінде жалған ақпараттың шектен тыс таралуын “инфодемия” деп атайды. Мұндай жағдайда адамдарға ғылыми дәлелге негізделген ақпарат пен қауесетті ажырату қиындай түседі. Ал ЮНИСЕФ жастардың эмоциялық контентке сезімтал екенін және дабылды ақпарат психологиялық күйзелісті күшейтуі мүмкін екенін ескертеді, - деді психолог.

Мысалы, пандемия кезінде вакцина туралы жалған ақпарат көптеген адамдардың медициналық көмекке сенімін төмендетті. Кей адамдар қауесеттерге сеніп, қажетті емнен немесе вакцинадан бас тартты.

Сондықтан ақпараттық гигиена өте маңызды:

  • тек ресми және ғылыми дереккөздерге сүйену;
  • сенсациялық тақырыптарға сын көзбен қарау;
  • ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеру;
  • әлеуметтік желідегі пікірді медициналық факт ретінде қабылдамау қажет.

«Келесі пандемия» қорқынышы қайдан шықты?

Психолог бүгінде көп адамның «келесі пандемиядан» қорқуын қалыпты жағдайға балады. 

Бұл әрі қалыпты сақтық, әрі COVID-тен кейінгі ұжымдық психологиялық реакция. Пандемия кезінде адамдар ұзақ уақыт белгісіздік, әлеуметтік оқшаулану және қауіп жағдайында өмір сүрді. Мұндай тәжірибе қоғамның ұжымдық жадында сақталады. Халықаралық зерттеулер психикалық денсаулыққа әсер ететін ұзақмерзімді салдардың ішінде созылмалы мазасыздық пен қауіпке жоғары сезімталдықты атап өтеді. ЮНИСЕФ балалар мен жастар арасында болашаққа қатысты алаңдаушылық пен эмоционалдық тұрақсыздықтың күшейгенін көрсетеді. Психологияда бұл гиперқырағылық деп аталады. Яғни адам ықтимал қауіпті үнемі бақылап жүреді. Белгілі бір деңгейде бұл адаптивті реакция, өйткені ол сақ болуға көмектеседі, - дейді БҰҰ Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің психикалық денсаулық жөніндегі кеңесшісі.

 Бірақ егер адам тұрақты қорқынышта өмір сүріп, күнделікті өміріне кедергі келтіретін мазасыздық сезінсе, онда бұл посттравматикалық реакцияның белгісі болуы мүмкін.

 

Қазақстандағы жағдай қандай?

ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаевтың айтуынша, Қазақстандағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

2026 жылдың алғашқы төрт айында шетелден келген 2,1 миллионнан астам жолаушы термометриямен қамтылды. Олардың ішінде дене қызуы жоғары 28 адам анықталды. Қазіргі таңда елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, – деді ол.

Ведомство өкілінің түсіндіруінше, Andes orthohantavirus вирусының негізгі резервуары – Аргентина мен Чилиде таралған ұзынқұйрықты күріш тышқаны.

Негізгі берілу жолдары – кеміргіштердің бөлінділерімен ластанған аэрозольдерді тыныс алу, жұқтырылған беткейлермен байланыс, сирек жағдайда кеміргіштердің шағуы. Andes вирусының ерекшелігі – басқа ортохантавирустардан айырмашылығы, ол адамдар арасында шектеулі түрде берілуі мүмкін. Бірақ бұл көбіне аурудың бастапқы кезеңінде ұзақ әрі тығыз байланыс кезінде байқалады, – деді Жасұлан Алпысбаев.

Оның сөзінше, инфекцияның таралуына жабық кеңістіктер, желдетудің нашар болуы, халықаралық қозғалыс пен адамдардың ұзақ уақыт бірге болуы әсер етуі мүмкін.

Қандай сақтық шараларын ұстанған жөн?

ДСМ-нің мәлімдеуінше, хантавирустан қорғанудың ең тиімді жолы – кеміргіштермен байланысты азайту.

Жасұлан Алпысбаев шетелге шығатын азаматтарға бірнеше негізгі ұсыныс айтты.

Кеміргіштер болуы мүмкін орындарға бармаған жөн. Ластануы мүмкін азық-түлік пен суды пайдаланбау керек. Жабық үй-жайларда алдымен желдету жүргізіп, кейін ылғалды тазалық жасаған дұрыс. Құрғақ сыпыру немесе шаңсорғыш пайдалану қауіпті күшейтуі мүмкін. Мұндай жағдайда қолғап пен маска қолданған жөн, – деді ол.

Сондай-ақ мамандар кеміргіштермен байланыстан кейін әлсіздік, жоғары температура, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажет екенін ескертеді.

Ең бастысы – өздігінен емделмеу және шетелде болғаныңызды міндетті түрде дәрігерге айту, – деді комитет өкілі.

Үрей мен шынайы қауіптің арасы

Сарапшылардың ортақ пікірі бір жерден шығады: хантавирусқа жеңіл қарауға болмайды, бірақ оны жаңа жаһандық пандемия ретінде қабылдап, жаппай үрейге берілудің де қажеті жоқ.

Қазіргі жағдайда ең маңыздысы – эмоцияға емес, ресми ақпаратқа сүйену. Мамандардың айтуынша, қоғамдағы алаңдаушылық COVID-19-дан кейінгі психологиялық әсермен де байланысты. Ал нақты қорғаныс жолы – қарапайым санитариялық сақтық, тазалық және ақпараттық сауаттылық.