COVID емес: Нипах пандемиясы бастала ма?
Үндістанда Нипах вирусына байланысты ауру жағдайлары тіркелуіне орай Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал жіті бақылауға алынды. Инфекцияның ел аумағына әкелінуіне және таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде күшейтілген санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Баян Давлетьярова мәлімдеді.
Оның айтуынша, халықаралық рейстермен Қазақстанға келетін жолаушыларға қатысты бақылау күшейтілді. Нақтырақ айтқанда, міндетті түрде қашықтық термометриясы жүргізіледі.
Үндістандағы Нипах вирусынан туындаған аурудың тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, республикада инфекцияның әкелінуіне және таралуына жол бермеу мақсатында ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы барлық өткізу пункттерінде міндетті қашықтық термометриясын жүргізе отырып, халықаралық рейстермен келетін адамдарға қатысты күшейтілген санитариялық-карантиндік бақылау жүргізілуде, – деді Давлетьярова.
Үндістаннан келетін жолаушылар – ерекше бақылауда
Департамент басшысының орынбасары Үндістаннан келетін жолаушыларға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Сондай-ақ санитариялық-карантиндік пункттердегі мамандар тәулік бойы кезекшілік режимінде жұмыс істейді.
Санитариялық-карантиндік пункттердің мамандары тәулік бойы әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы жағдайында ауруды дер кезінде анықтауға және ден қоюға дайындығын қамтамасыз етеді, – деді ол.
Баян Давлетьярованың айтуынша, санитариялық-карантиндік пункттер қашықтық термометриясын жүргізуге арналған арнайы жабдықтармен және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген.
Нипах вирусына қатысты қауіптің алдын алу мақсатында туристер арасында да ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, инфекция жағдайлары тіркелген елдерге баратын азаматтарға эпидемиологиялық қауіптер мен сақтану тәсілдері тұрақты түрде түсіндіріліп жатыр.
Нипах вирусы қалай жұғады?
Баян Давлетьярова Нипах вирусының негізгі таралу жолдарын да түсіндірді. Оның айтуынша, вирус адамдарға жануарлардан, нақтырақ айтқанда жарқанаттардан немесе шошқалардан жұғуы мүмкін. Бұдан бөлек, ол ластанған тамақ арқылы таралады және адамнан адамға жұғу қаупі де бар.
Эндемиялық елдерге баратын туристерге кеңес
Алдын алу үшін инфекция тіркелген елдерге сапар шегетін туристерге келесі ұсынымдарды сақтауға кеңес беріледі:
- ауру жануарлармен байланыста болмау;
- қолды сабынмен мұқият жуу;
- антисептиктер қолдану;
- жеміс-жидек пен көкөністі пайдаланар алдында жуу;
- тексерілмеген көздерден су ішпеу.
Ауру белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет
Баян Давлетьярова егер адамда жоғары температура, жөтел, қатты бас ауруы сияқты белгілер байқалса, уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгінуге шақырды. Сонымен бірге дәрігерге міндетті түрде эндемиялық елдерге барғанын ескерту қажет екенін айтты.
Нипах вирусы несімен қауіпті?
Давлетьярова Нипахтың қауіпті жағы – оның нейроинфекция екенімен байланысты екенін түсіндірді. Себебі бұл вирус энцефалитті тез қоздырады, ал оған қарсы вакцина да, арнайы емдеу тәсілі де жоқ.
Нипах вирусының қауіптілігі – ол нейроинфекция болғандықтан энцефалитті тез тудырады және ауруға қарсы вакцина немесе арнайы емдеудің жоқтығы, – деді ол.
Оның сөзінше, өлім-жітім көрсеткішінің жоғары болуына көбіне науқастың ауруханаға кеш түсуі себеп болады. Мұндай жағдайда энцефалит дамып, соның салдарынан құрысулар, кома пайда болуы мүмкін. Бұдан бөлек, қауіпке әсер ететін тағы бір факторлар – егде жас және созылмалы аурулардың болуы.
Бұл жерде ең маңыздысы – ауруды дер кезінде анықтап, емдеуді уақытында бастау. Арнайы емдеу мен вакцинаның болмауына байланысты тек қолдаулық ем көрсетіледі, – деді Давлетьярова.
Нипах пен COVID: негізгі айырмашылық
ДСМ өкілі Нипах вирусын COVID және басқа инфекциялармен салыстыра отырып, айырмашылықтарына да тоқталды.
Оның айтуынша, Нипах – нейроинфекция, сондықтан ең басты қауіп – сананың бұзылуы. Яғни энцефалит жылдам дамып, ұйқышылдық, бағдарсыздық, ұстамалар, комаға дейін апаруы ықтимал.
Ал COVID – жаппай таралатын респираторлық инфекция. Ол өте жұқпалы болғанымен, мидың зақымдануы сирек кездеседі, бұл ауруда негізгі қауіп – инфекцияның кең таралуы.
Ал MERS кезінде ауыр пневмония, ауыр тыныс жетіспеушілігі дамуы мүмкін. Бұл инфекция ауыр өткенімен, таралуы шектеулі, әрі көбіне созылмалы аурулары бар адамдар жиі ауырады.
Пандемия қаупі бар ма?
Баян Давлетьярова Нипах вирусының тұмау сияқты кең таралмайтынын және қарапайым азамат үшін жұғу қаупі төмен екенін атап өтті.
Нипах тұмау сияқты кең таралмайды немесе қарапайым адам үшін қауіптілігі өте төмен. Бұл жерде ең бастысы – аурулар мен байланыстар тіркелген елдерге саяхат. Жақында Үндістанға барған, науқаспен байланыста болған, жабайы жануарлармен немесе жарқанаттармен байланыста болған адамдар қауіпті топтарға жатады, – деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан аумағында Нипах вирусын жұқтыру деректері де, оны елге сырттан әкелу фактілері де анықталған жоқ.