COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша ІІ орында тұрған ел шекарасын ашпақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бразилия билігі шетелдіктер үшін ел шекарасын ашады деп хабарлады The Straits Times.

Елге қысқа мерзімге, яғни, 90 күнге дейін барғысы келетін жолаушылар көлік компаниясына Бразилия аумағында және сапар уақытында жарамды болатын медициналық сақтандыру анықтамасын ұсынуы керек. Билік басқа талап қойған жоқ. 

The Straits Times басылымының хабарлауынша, мұндай шешім елдегі қауіпті эпидемиологиялық жағдайға қарамастан қабылданған. Бразилия коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны бойынша әлемде екінші орында тұр.

Әзірге елде жер және су шекаралары арқылы кіруге тыйым салынады, бірақ оны 30 күннен кейін алып тастауы мүмкін. Халықаралық әуе қатынастарына арналған Мату-Гросу-ду-Сул, Параиба, Рондония, Риу-Гранди-ду-Сул және Токантинс штаттарындағы әуежайлар жабық күйде қалады.

17 шілдеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Майкл Райан Бразилияда инфекция жұқтыру көрсеткіші артқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, ел COVID-19 індетінің шарықтау шегінің ортасында тұр. Ал вирустың күнделікті анықталу жағдайлары тұрақтанды. Десек те, сырқаттану көрсеткіші төмендеген жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, Бразилияда шамамен 2,5 миллион адам вирус жұқтырған. COVID-19 асқынуы салдарынан қайтыс болғандар саны 100 мыңға жуықтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы