COVID-19. Жансақтау бөліміне түскендердің көбі - елордалықтар - министрлік
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Айтуынша, коронавирус салдарынан жансақтау бөліміне түскен науқастардың басым бөлігі – елордалықтар.
Реанимация бөлімшелерінде (ОАРИТ) 18 адам жатыр, олардың ішінде реанимациялық науқастардың ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 11 пациент. Жамбыл облысында 1 бала жасанды өкпе вентиляциясы аппаратында. Реанимациялық науқастардың негізгі контингенті – бұл қосарласқан аурулары бар 50 жастан асқан адамдар. Барлық пациенттің қосарласқан ауруға шалдыққаны анықталды. Мысалы, пациенттердің 24,2%-да артериялық гипертензия, 9,1%-да өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 6,1%-да жүректің ишемиялық ауруы, 6,1%-да қант диабеті диагнозы бар, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар коронавируспен ауырған науқастарға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде 2387 мобильді бригада ұйымдастырылғанын айтты.
Оның ішінде ауылдарда 1010 мобильді бригада ұйымдастырылды. Биыл 1-жартыжылдықта мобильді бригадалар 815 423 қызмет көрсетті. Мобильді бригадалардың қызметінің ең көбі Қарағанды қаласында және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүзеге асырылды, - деді Ажар Ғиният.