COVID-19 VS вакцинация: 2021 жыл денсаулық сақтау саласы үшін қалай өтті?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Санаулы сағаттардан соң 2021 жыл тарих қойнауына келмеске сүңгіп, күнтізбенің жаңа беті ашылады. Осы орайда өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, денсаулық сақтау саласына шолу жасап көруді жөн деп шештік. Cиыр жылы аталған салада қандай айтулы оқиғалар болды? 

Әлем болып тәжтажалмен күресіп жатқан кезең денсаулық сақтау саласына айтарлықтай салмақ салғаны анық. Пандемия жағдайында дүниені дүр сілкіндірген вируспен күреске ел болып жабыла кірістік. Сонымен...

Ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталды

Жыл басында Денсаулық сақтау экс-министрі Алексей Цой 1 ақпаннан бастап індетке қарсы жаппай екпе егу басталатынын хабарлады. Осылайша, екі ел арасындағы меморандум барысында ресейлік «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын сатып алынды. Алғашқы кезекте инфекциялық ауруханаларда алдыңғы шепте жұмыс істеп жатқан медицина, жедел жәрдем, жан сақтау бөлімінің қызметкерлері мен дәрігерлерге салынды. Ресейлік екпеден бөлек, еліміздің аумағында халықты вакцинациялау үшін «Hayat-Vax», «Corona-Vac», «Sinopharm», «QazVac» вакциналары да қолданылды.  QazVac демекші... 

Отандық ғалымдар індетке қарсы вакцина ойлап шығарды

Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми институтының мамандары індетпен күресуге өлшеусіз үлес қосты. Атап айтқанда, ковидке қарсы 5 түрлі вакцина ойлап тапты. Олардың екеуі – рекомбинатты вакцина болса, бірі суббірлікті екпе. Сондай-ақ тірі вирусты. Ол – баршаға белгілі, әрі тиімділігі дәлелденген QazVac екпесі. Өлі вирустан дайындалған вакцина аурудың алдын алу үшін сұранысқа ие болды. 2020 жылдың 25 желтоқсанынан бастап клиникалық зерттеуден өткізіліп, 2021 жылдың 11 қаңтарында еріктілерге салу жұмысы аяқталды. 26 сәуірден бастап жаппай қолданысқа енгізілді. 

QazVac ғалымдар мен мамандар тарапынан оң баға алып, әлемге әйгілі The Lancet журналында қазақстандық екпе туралы мақала жарияланды. 

Электрондық вакцинация құжаты іске қосылды

Жаппай вакцинациялаумен қатар келген жаңалықтың бірі – вакцинация құжатының іске қосылуы деп айтуға әбден негіз бар. Ashyq жүйесімен біріктірілген құжат қайда барсаң да есіктің айқара ашылуына себеп болды. Қоғам қауіпсіздігінің алғышарты іспеттес төрт түс жүйе қолданушыларының індетке қатысты мәртебесін анықтайтын құралған айналды. 

Бастапқыда қарсылықтар болғанымен, вакцинация паспорты жеке куәлікпен қатар сұралатын маңызды құжатқа айналды. 

Вакцина алғандарға сыйға – пәтер!

Ұжымдық иммунитетті қамтамасыз етіп, 10 млн адамға екпе салу мақсатына қол жеткізу үшін адамдарды ынталандыру науқандары жүргізілді. Солардың бірі – елорда өткізілді. Вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан қала тұрғындары екпе алып қана қоймай, бағын сынап көруіне мүмкіндік берілді. Екі бөлмелі пәтердің кілтімен қатар, қымбат смартфондар, құнды жүлделер ұтысқа қойылды. Мұндай науқандар демеушілердің қолдауымен елдің басқа өңірлерінде де қолдау тапты. 

Pfizer келді дегенше…

Америкалық Comirnaty (Pfizer) вакцинасы жеткізілгенге дейін ел аузында көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды.  Арада ұзақ келіссөздер жүргізілген соң шетелдік танымал екпе бізге де жетті. Қарашадан бастап 12 жастан асқан балалар, жүкті және бала емізетін әйелдер жаппай вакцинациялануға кірісті. Алдағы уақытта Pfizer екпесін коммерциялық бағытта әкелу жоспарланып отыр. 

Қарсы топтар да кездесті

Әлбетте, науқан басталысымен, әсіресе, балалар вакцинациясы қарсы топ та іске кірісті. Есте қалғандардың бірі – антиваксер дәрігер Айна Бакееваның елордадағы №58 мектепте шығарған жанжалы. Балаларға коронавирусқа қарсы екпе салған соң баланың жағдайы нашарлағанына кайтқан ол, дау шығарды. 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысы негізінде Айна Бакеева ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жазаға тартылды. 

Жалған ақпараттардың таралуы қалыпты жағдайға айналды

Вакцина салу басталған соң ара-тұра «Екпеден соң мүгедек болып қалады екен-мыс», «Вакцинаны әдейі салып жатыр-мыс» тәрізді жалған ақпараттар тарату «сәнге» айналды. Тіпті, бастапқыда әлеуметтік желілерде дүрлігетін халық уақыт өте келе мұндай ақпараттарды қалыпты жағдай ретінде қабылдауды үйренді.

Ревакцинация

Ревакцинация «жыры» басталды. Бұған дейін коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын алғандар енді үшінші дозасын салдыруы тиіс. Оған қатысты Бас санитар дәрігердің COVID-19 инфекциясына қарсы ревакцинация жүргізу туралы қаулысы да шықты. Құжат бойынша халықтың тәуекел топтары қайта екпе алуы қажет. 

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы

Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылға дейін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын бекітті. Аталған жоба аясында ел аймақтарында жаңа инфекциялық ауруханалар бой көтеріп, жедел жәрдем паркі ашылды.  Шалғай ауылдардағы жылжымалы медициналық кешендер жаңартылып, фармацевтика өнеркәсібі жанданды. 

«Аңсаған сәбилер» дүниеге келді

Президенттің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды. Осы орайда «ЭКО» бағдарламасымен квотаны 7 есеге көбейту міндеті алға қойылды. 15 қазанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша алғашқы сәби дүниеге келді. Игі бағдарлама сәби иісін аңсап жүрген жандарды қолдауға арналған. 

Цой кетті

Жылды қорытындылар сәт таяғанда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қызметінен кететінін мәлімдеді. Бір жарым жылдан артық ведомствоны басқарған басшы азаматтық секторға ауысатынын айтты. Аталған саланы уақытша Жандос Бүркітбаев басқарып отыр. 

Осылайша, пандемиямен күрестің екінші жылы да аяқталуға жақын. Келер жыл көптеген түйткілді мәселенің шешімін табуына жол ашады деген үміт мол. Барыс жылы әлем халқы жаһанды жайлаған індеттен құтылдық деп сүйіншілейтін жыл болғай! 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы