COVID-19 вакцинасы бедеулікке әсер ете ме? Ғалымдар нақты жауап берді
COVID-19-ға қарсы вакциналар әйелдердің жүкті болу және жүктілікті көтеру қабілетіне әсер етпейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мұндай қорытындыға Линчёпинг университетінің зерттеушілері келіп, екпе туу көрсеткішінің төмендеуіне себеп болды деген кең тараған қауесеттерді жоққа шығарды. Зерттеу нәтижелері Communications Medicine журналында жарияланды.
Ғалымдар Швецияның Йёнчёпинг өңірінде тұратын 18 бен 45 жас аралығындағы 60 мыңға жуық әйелдің медициналық деректерін талдады. Қатысушылардың шамамен 75%-ы 2021-2024 жылдар аралығында коронавирусқа қарсы вакцина алған. Салыстырмалы талдау егілген және егілмеген әйелдер арасында босану саны мен түсік тастау көрсеткіштері бойынша статистикалық тұрғыда елеулі айырмашылық жоқ екенін көрсетті.
Әлеуметтік медицина профессоры Тоомас Тимпка мРНҚ-вакциналардың репродуктивтік функцияға әсері туралы болжам деректермен расталмайтынын және оның шындыққа жанаспайтынын айтты. Алынған нәтижелер басқа да халықаралық зерттеулердің қорытындыларымен сәйкес келеді.
Ғалымдардың айтуынша, туу көрсеткішінің төмендеуі медициналық емес, әлеуметтік-экономикалық себептермен байланысты. Негізгі факторлардың қатарында 1990-жылдардағы демографиялық «эхо» құбылысы, сондай-ақ пандемия салдары бар. Экономикалық тұрақсыздық, белгісіздік және локдаун кезіндегі өмір салтының өзгеруі көптеген отбасылардың бала сүюді кейінге қалдыруына әсер еткен.