COVID-19: Қазақстанның вирусқа қарсы екпесі келешегі зор 200 вакцина қатарына енді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. The Washington Post басылымы Қазақстанда әзірленген COVID-19-ға қарсы вакцинаны келешегі зор эксперименттік 200 вакцина тізіміне қосты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.
The Washington Post-та жарияланған сараптамаға сәйкес, Қазақстан Республикасы «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» РМК әзірлеген коронавирус инфекциясына қарсы вакцина келешекте бүкіл әлемді жайлаған індетті жеңуге көмек бере алатын эксперименттік 200 вакцина тізіміне қосылған.
The Washington Post қазақстандық вакцинаны әзірлеуге ұзақ уақыт кететін әлсіз және инактивтелген вирустық вакциналар санатына қосып отыр. Бірақ бұл вакцинаның тиімділігіне әсер етеді деген сөз емес.
Иә, вакцинаның бұл түрін әзірлеу барысында барынша ескірген әдіс қолданылады. Ол кезде вирус әлсірейді. Сондықтан ол ауру тудырмайды. Бірақ, ағзаның иммундық жүйесінде қорғаныс тетігін іске қосады. Қызылшаға, эпидемиологиялық паротитте және қызамыққа қарсы вакцинада дәл осы әдіс қолданылады. Инактивтелген вирустық вакцинада адамдарға жұғуға қабілетсіз, алайда иммундық жүйеге инфекцияға қарсы қорғаныс реакциясын қалай ұйымдастыруды көрсете алатын өлі вирустар болады. Бұл әдісті америкалық вирусолог Джонас Солк полиомиелитке қарсы вакцина әзірлеу барысында қолданған. Атап өтерлігі, Солк вакцинасын қолданғаннан кейін АҚШ-та балалар арасындағы полиомелитке шалдығу 96 пайызға төмендеді. Сонымен қатар бұл әдіс тұмауға қарсы вакцинаны әзірлеу барысында да қолданылады, - деп жазады The Washington Post.
Басылымның атап өтуінше, қазірдің өзінде коронавирусқа қарсы 170-тен астам вакцина зертханаларда жануарларға, 7 вакцина дені сау жас адамдарға, 12 вакцина тәуекел тобына кіретін адамдарға салынып, сынқтан өтіп жатыр.
Мұнан бөлек, тағы 7 вакцина тиімділігі мен қауіпсіздігін анықтау үшін 1 мың адамға салынған. Өкінішке қарай, әзірше бір де бір вакцина толыққанды қолдану үшін мақұлданған жоқ.
Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылдың 26 шілдесінде қазақстандық вакцинаның 5 әзірлеушісі тірі вируспен жұмыс істеу барысында қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерікті түрде вакцинаны өздеріне сынады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат алынғаннан кейін 2020 жылдың 20 қыркүйегінде Алматы қаласындағы клиниканың базасында COVID-19-ға антиденесі жоқ 44 еріктіге клиникалық сынақ (І фаза) басталуы тиіс.
2020 жылдың қазан айының ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай келетін 200 еріктіге клиникалық сынақ өткізудің ІІ фазасына шығу жоспарланған. Клиникалық сынақтың ІІ фазасы 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталмақ.
Айта кеткен жөн, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген Covid-19 қарсы екінші вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтына тіркелген болатын.
COVID-19 вакцинасын жасау бойынша жұмыстардың барысына қызығушылық танытқан азаматтар ДДСҰ веб-сайтында вакцинаға үміткерлер туралы жалпы шолуды оқи алады.
Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынады. Вакцина алатындардың болжамды саны - 2 347 000 адам.