COVID-19: Түркістан облысында 3 мыңға жуық науқас емделіп шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында пневмония дертін жұқтырғандар саны 5 421 болса, оның ішінде сауығып шыққандар саны 2 933-ке жетті. Яғни, бүгінде науқастардың 54%-ы толық емделіп шықты.
Бұдан бөлек, облыста коронавирустық инфекция расталып, тіркелген адамдар саны – 2 079. 1 911 адам (9 бала) – стационарлық бақылауда (оның ішінде: инфекциялық стационарда – 196 адам (2 бала), провизорлық стационарда – 1 715 адам (7 бала).
2020 жылғы 9 шілдедегі жағдай бойынша короновирустық инфекциямен 28 жағдай тіркеліп, бір күндік өсім 1,4%-ды құрады. Бұл аурудан жалпы сауығып шыққандар саны – 795.
Ал, ЖРВИ-мен 7 749 адам тіркелсе, оның ішінде 387 адам (5%) ауруханаға жатқызылған, 336 науқас (87%) емделіп шыққан.
Жалпы пандемиядан сақтанудың, ауырып жатқан науқастардың санын азайтудың басты жолы – ол сақтық шараларын күшейту. Көпшілік орындарға тек қажеттілікпен шығу, бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау. Осы мәселелерге баса назар аудару керектігіне тоқталған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Түркістан облысы бойынша 16 аудан, қалада 187 медициналық мобильді топ жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Мобильді топтар күндіз-түні жұмыс істеуі тиіс. Осы мақсатта оларды аудан әкімшіліктері көлікпен қамтамасыз етуде. Бұл топтар науқастарды ерте анықтап, ерте ем тағайындайды немесе ауруханаға жататын науқас болса тез арада жолдама береді, – деді Өмірзақ Естайұлы.Бұдан бөлек, барлық ауданда карантиндік режимнің сақталуы мен сақтық шараларын түсіндіру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Дегенмен, облыс бойынша төтенше жағдай режимін бұзған (той, отбасылық мерекелер өткізу және т.б.) – 1 039 жағдай анықталып, оның 320-сына айыппұл салынса, 96 азамат қамауға алынған.