Covid-19: Спорт әлемінде көз жұмғандар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы мәліметтер бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 823,6 мың адамнан асты. 40 мыңнан астам адам қайтыс болды, деп жазады Prosports.kz.
Соның ішінде спорт әлеміне қатысы бар 12 адам көз жұмды. 28 ақпан күні ең алғашқы болып ирандық футболшы қыз Ильхам Шейхи бақилыққа аттанған. Ол небәрі 23 жаста еді.
Араға он жеті күн салып, Иран және испаниялық екі футбол бапкері, ал ертеңіне "Фламенго" клубының массажшысы Мариу Вериссиму ажал құшты.
20 наурызда екі испаниялық спорт журналисі өмірден озды.
21 наурызда "Реалдың" бұрынғы президенті Лоренсо Санс 76 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
23 наурызда "Эспаньол" клубының бұрынғы қақпашысы, бапкері болған 84 жастағы Бенито Хоанеганың өліміне коронавирус себепші болды.
Үш күннен кейін италиялық бұрынғы велошабандоз Данило Бароцци және "Витесс" командасының экс-президенті Кес Баккер фәниден өтті.
Жақында ғана "Марсель" клубының бұрынғы басшысы 69 жастағы Папе Диуф және Сент Джонс университетінің бұрынғы баскетболшысы Ли Грин 49 жасында коронавирус салдарынан о дүниеге аттанды.