COVID-19. ШҚО-да 17 санитарлық бекет орнатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы соңғы қаулысы аясында шектеу шаралары Шығыс Қазақстанның барлық аумағында 25 қарашаға дейін ұзартылды.
Баспасөз конференциясы барысында ШҚО ТКҚСҚБ басшысының м.а. Талғат Тұңғышбаев санитарлық бекеттердің жұмысына тоқталды.
1 қарашадан бастап аймақта облыстың сыртқы шекараларына кіруді және шығуды бақылау үшін 15 санитарлық бекет өз жұмысын жалғастыруда. Үш бекет Алматы, біреуі Қарағанды және екеуі Павлодар облыстарымен шектесетін аумақтарда орналасқан. Сондай-ақ, 2 бекет ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін «Ауыл» және «Уба» өткізу бекеттерінде және 7 бекет Өскемен қаласы бойынша орнатылған.
10 қарашадан бастап «Бақты» және «Майқапшағай» өткізу бекеттеріндегі тағы екі санитарлық бекет өз жұмысын бастады.
Айта кетейік, облыс ішілік автобустардың, шағын автобустардың және өзге де жолаушылар тасымалының қозғалысына тыйым салынды.
Ұлан ауданының Қасым Қайсенов, Глубокое ауданының Опытное поле, Ушановское және Белоусовка кенттері бойынша қатынайтын маршруттар тоқтатылған жоқ.