COVID-19. Ресейде екінші күн қатарынан ауырғандар саны 20 мыңнан асып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейде екінші күн қатарынан COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 20 мыңнан асып отыр, деп хабарлайды инфекциямен күрес жөніндегі жедел штаб.

Мәселен, өткен тәулікте елде 20 396 вирус жұқтырғандар анықталған, олардың төрттен бірінде аурудың симптомсыз түрі байқалған. Бір күн бұрын 20 582 жағдай туралы хабарланған болатын - бұл эпидемия басталғалы бергі уақыттағы ең жоғары көрсеткіш.

Вирус жұқтырғандар елдің барлық аймағында анықталып отыр, олардың көпшілігі Мәскеуде (5829, бұған дейін 6253 жағдай тіркелген), Санкт-Петербургте (1258), Мәскеу облысында (629), Нижний Новгород (434) және Архангельск (359) облыстарында, ең азы - Чукоткада (сегіз) және Ненец автономиялық округінде (алты) тіркелген.

Елдегі сырқаттанушылықтың өсу қарқыны тәулігіне 1,2 пайызды құрайды. Ресейде індет басталғалы бері барлығы 1 753 836 адам коронавирус жұқтырған. Өткен тәулікте расталған өлім-жітім саны 364, ал жалпы 30 251 адам қайтыс болды.

Бір тәулік ішінде ауруханалардан 16 803 науқас шығарылды, жазылып шыққандардың жалпы саны 1 312 927 адамға жетті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша, бүкіл әлемде 48,5 миллион адам вирус жұқтырған, ал американдық Джонс Хопкинс институтының мәліметіне сәйкес, олардың саны 50 миллионға жетті. 1,2 миллионнан астам науқас қайтыс болды.

Вирус жұқтырғандардың дені АҚШ-та – 9,3 миллион, одан кейін Үндістан мен Бразилия. Ресей Франция, Испания, Аргентина, Ұлыбритания, Колумбия және Мексикадан озып, осы тізімде төртінші орында тұр.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 613 адамда коронавирус індеті ПТР тестілеу арқылы расталып ауырғаны белгілі болды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы