COVID-19: Өзбекстан азаматы 3,6 млн теңгенің тестін алып өтпек болған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ол 56 қорап (952 дана) "COVID-19" инфекциясына арналған сынаманы жүк көлігімен жасырын түрде алып өтпек болған жерде ұсталды.

Түркістан облысы прокуратурасы құрған жұмыс тобы Сарыағаш ауданында орналасқан кеден бекеті арқылы Өзбекстан Республикасына жалпы құны 3,6 млн теңге тұратын 56 қорап (952 дана) "COVID-19" инфекциясына арналған сынаманы жүк көлігімен жасырын түрде алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады. 

Жүргізушінің айтуы бойынша, аталған тауарды Ресей Федерациясынан алып келген, бірақ кеден бекетінен өту барысында сынамаларға декларация тапсырмаған. 

Аталған факт бойынша уәкілетті органмен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 551-бабы 1-тармағымен әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалып, заңды бұзған шетел азаматына 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, ал декларацияланбаған тестілер тәркіленді, - делінген хабарламада.

Одан бөлек, соңғы 4 күнде жұмыс тобы тағы да 15 дәріханада жоғары бағада сатылған дәрі-дәрмектерді анықтады. Ал Келес ауданында тұрғын үй жағдайында рұқсатсыз дәрі-дәрмек сату және оны егумен айналысқан азамат ұсталды. 

Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, әрбір дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін жинақталған іс-құжаттар уәкілетті органға жолданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы