COVID-19. Өңірдегі ахуал шиеленісіп тұр – әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен онлайн брифинг кезінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады.

Павлодар облысы COVID-19 індеті бойынша қызыл аймақта тұр. Осы ретте әкім өңір бойынша эпидахуалға тоқталды.

Өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 110 адам тіркелді. Айдың басында өңірдің қызыл аймаққа енуіне шетелден келген науқастардың да ықпалы болды. Облыс Ресейдің коронавирус тараған 3 аймағымен шектеседі. Қазан айының басынан осы бағыттағы шекаралық бекеттер арқылы 34 мыңға жуық адам кірді. Ал қарашада енгізілген қосымша шектеулер Ресейден келетін адамдар санын мен сәйкесінше коронавирустың тасымалын едәуір азайтты, - деді әкім.

Сондай-ақ, облыс әкімі қазіргі күні коронавирусты жұқтыру фактілері облыс ішінде басым болып тұрғанын айтты.

Коронавирус жұқтырғандардың негізгі бөлігі науқастармен тікелей байланысқа түскен адамдар. Сондықтан инфекцияның жұқтыруды тоқтату үшін эпидемиологиялық зерттеуді барынша сапалы әрі тез жасайтын боламыз, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айтуынша, өңірдегі ахуал шиеленісіп тұр.

Денсаулық сақтау жүйесін материалдық-техникалық және кадрлық базаны нығайтқанымыздың арқасында жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік бар. Ауруханалардағы жалпы төсек орны мен жансақтау бөлімдеріндегі орындар көбейтілді. Стационарлар барынша жабдықталды. Оттегі нүктелерінің санын 6 есеге ұлғайттық. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Медициналық қызметкерлер резерві 600 адам, - деді Әбілқайыр Сқақов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы