Қазақстанда COVID-19 көрсеткішінің оң динамикасы байқалады – бас санитар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирус бойынша көрсеткіштердің оң динамикасы байқалғанын айтты. 

Бұл туралы ол ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

Қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бері елімізде коронавирус індетімен сырқаттанушылықтың оң динамикасы байқалады. Биылғы 14 тамыздағы мәлімет бойынша, Қазақстанда ПТР оң нәтиже көрсеткен коронавирус инфекциясының 101 848 жағдайы тіркелді. Бүгінгі таңда аурудың өсуі тәулігіне 0,5 пайызға дейін төмендеді. Инфекцияның таралуында тұрақты төмендеу үрдісі немесе репродуктивтілік көрсеткіші байқалады. Ол 1,72-ден 0,78-ге дейін төмендеді, 2,2 есе азайды, - деді Есмағамбетова.

Оның айтуынша, ауруханалардағы төсек-орын қамту 64 пайызға, оның ішінде реанимациялық төсек 64 пайызға төмендеген.

Айта кетейік, 13 тамызда ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы