COVID-19. Министр қай өңірлерде індеттің өршіп тұрғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін өткен Үкімет отырысы барысында елдегі коронавирус жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, өткен тәуліктегі өсім 3,3%-ды құраған.

Бүгінде елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 4121 жағдай тіркелген. Өткен тәулікте 129 жаңа жұқтыру жағдайы анықталды, өсім көлемі – 3,3%. 84 жағдай немесе 65%-ы профилактикалық скрининг кезінде анықталған болса, 36 науқас медициналық көмекке өздері жүгінген, 9 науқас шет елден келген, - деді Біртанов.

Министрдің сөзінше, вирус жұқтырудың жаңа жағдайлары көбінесе Алматы (33) және Батыс Қазақстан облысында (20) тіркелген.
Өңірлер бойынша ең жоғары өсім Маңғыстау облысында (13,8%) байқалады. Кеше екі адам қаза тапты. Ал, жалпы қайтыс болғандар саны – 29, жазылып шыққандар – 1173, тағы 2847 науқас ем-дом шараларын қабылдауда. Кеше еліміз бойынша 13 550 тест жүргізілді, оның 4,5 мыңы скрининг негізінде жасалды - деді Елжан Біртанов.
Айта кетейік, кеше ҚР мемлекеттік бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тұрақталып келе жатқанын айтқан болатын.  Бас санитар елімізде ауру жұқтыру деңгейі 7 пайыз екенін мәлімдеп, карантин шараларын сабырлықпен сақтап отырған халыққа алғыс білдірді. Ол сонымен қатар, "далада маска тағуға бола ма?" деген сауалға қатысты жауап берген еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы