COVID-19: Қазақстан меценаттары індетпен күресте өз үлестерін қосуда
Алматы, BAQ.KZ. Болат Өтемұратов қоры Денсаулық сақтау министрлігіне құны $4 млн тұратын екі модульдік зертхананы тегін береді. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
COVID-19-ды анықтауға арналған мобильді ПТР-кешендерінің бірегейлігі - оларды қажет болған жағдайда басқа қалаларға тасымалдауға және орнатуға болады. Модульдік зертханалар инфекцияны тез әрі тиімді анықтауға арналған, бұл вирусты жұқтыру ошақтарын жедел анықтауға және коронавирустың таралуын шектеуге мүмкіндік береді.
Болат Өтемұратов қорының қолдауының арқасында эпидемия енді тарала бастаған кезде елімізге COVID-19-ды анықтауға арналған экспресс-тесттер жеткізілді. Олар қазіргі таңда вирусты жұқтырған және жазылып шыққан адамдарды тексеру кезінде белсенді түрде қолданылып келеді. Бұл аса елеулі көмекке біз өте ризамыз! Дегенмен, мәселе әлі де шешілмей тұр, қазіргі кезеңде жаңа зертханаларды қысқа мерзімде құрып, жұмыс істеп тұрғандарын қажетті жабдықтармен, тестілермен және шығыс материалдарымен жарақтандыра отырып, диагностикалық қызметті күшейту қажет, деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Экспресс-зертхананың модульдік кешенін 24 сағат ішінде орнатуға болады. Әрбір зертхана күніне 1000-ға дейін талдау жүргізе алады, тест нәтижесі үш сағат ішінде дайындалады. Вирусологтар ол орнатылғаннан кейін бірден жұмысты бастауы үшін Болат Өтемұратов қоры 60 мың тест жүргізуге қажетті реагенттердің жиынтығын сатып алды. Анализ тегін жүргізіледі.
Бұған дейін Болат Өтемұратов қоры медицина қызметкерлеріне 200 млн теңге көлемінде 94 мың экспресс-тест жеткізді. Сонымен қатар, бизнесмен Тұңғыш Президент ‒ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Вirgemiz қоғамдық қорына коронавирусқа қарсы тұру және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау үшін $1 млн аударды.
Денсаулық сақтау министрлігі мен қазақстандық медицина мамандары ұлт денсаулығы үшін күресте алдыңғы қатарда еңбек етіп келеді. Дәрігерлердің, медбикелер мен санитарлардың күнделікті, өмірге қауіпі бар жағдайдағы қажырлы еңбектерінде көрсеткен табандылығы үшін шынайы ризашылығымды, таңданысымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан дәрігерлерге індетке қарсы күресте оларға әлемдегі ең жақсы технологияларды ұсына отырып, көмектесуді жалғастырамыз, - деді қордың негізін қалаушы, бизнесмен және меценат Болат Өтемұратов.