COVID-19: Маңғыстауда шектеу шаралары күшейтілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысында карантиндік шектеу шаралары қайтадан күшейтіледі. Бұл туралы Маңғыстау облысының аумағында коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу жөніндегі өңірлік штабтың отырысында айтылды.
Жиын облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың төрағалығымен өтті. Оған қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, прокуратура, полиция және кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Жиын барысында жедел штабтың мүшелері өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты шектеу шараларын талқылады.
12 қаңтар күні Маңғыстау облысы коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша «сары» аймаққа енді. Өңірдің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты бақылауда. Соңғы 6 тәулікте қауіпті індет жұқтырғандардың саны күрт өсті. Мәселен, 29 желтоқсан мен 4 қантар аралығында коронавирус инфекциясына 25 адам, 5-11 қантар аралығында 289 адам шалдыққан. Ал соңғы тәулікте індет 156 адамнан анықталды. Облыстағы жұқпалы аурулар ауруханаларында 73 науқас ем алып жатыр. Жансақтау бөлімшелерінде 5 науқас бар. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты жедел штабтың мүшелері бірқатар шектеу шарасын енгізуді ұсынды. Індет жұқтырғандар санының күрт өсуі ескеріліп, жуырда облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланады, - деді Гүлмира Қалмұратова.