COVID-19. Күн сайын 11 мың адам індетке қарсы екпе алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, вакцинациялау және ревакцинациялау инфекциядан қорғанатын жалғыз жол болып қала береді.
Халықты вакцинациямен барынша қамту үшін біз тиісті шаралар қабылдадық. Тәулігіне орташа есеппен 11 мың адам егілуде. Бүгінгі күні 1-компонентпен 9,4 млн адам қамтылды, бұл тиісті халықтың 83,3%-ы, яғни жалпы халық санының 55,7%-ы. 2-компонентті 9,2 млн адам, тиісті халықтың 81,3%-ы алды. Жалпы халық санының 53,8%-ы вакцинацияланды. 4 млн адам қайта вакцинациядан өтті, - деді министр.
Сонымен қатар індетке қарсы екпенің қанша дозасы сатып алынғанына тоқталып өтті.
2021 жылы COVID-19 вакцинасының 24,8 млн дозасы сатып алынды. Ал биыл екпе қоры 3,6 млн доза вакцинамен толықты. Пфайзер вакцинасының 1 дозасымен 1,1 млн адам вакцинацияланды, 2-компонентімен 982 мың адам вакцинацияланды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін елде барлық карантиндік шектеу шаралары алынып тасталғаны туралы жазған болатынбыз.