COVID-19: Иракта коменданттық сағат қайта енгізілмек
Алматы, BAQ.KZ. Сенбі күні Ирак үкіметі коронавирус инфекциясының екінші толқынына қарсы тұру үшін елде қайтадан коменданттық сағатты енгізетінін мәлімдеді.
Ирактың Денсаулық сақтау және ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінің мәліметінше, ел аумағында 18 ақпан мен 8 наурыз аралығында коменданттық сағат енгізіледі. Бұл режим дүйсенбі мен бейсенбі аралығында сағат 20:00 ден 05:00-ге дейін, ал жұмадан жексенбі аралығында күні бойына енгізіледі.
Кеңес сондай-ақ елдегі барлық оқу орындарындағы жұмысты қашықтан атқаруға көшіруге тапсырма берді. Халыққа тойға баруға, жерлеуге және басқа да адам көп жиналатын жерге баруға тыйым салынды. Үкіметтік мекеме қызметкерлерінің саны кеңселерде 50 пайызға дейін қысқартылмақ, көпшілігін қашықтан жұмыс істеуге көшіреді.
Соңғы кездері Иракта эпидемияның қайта ұшыға түскені байқалады. Тәулігіне екі мыңнан астам адамнан COVID-19 инфекциясы анықталып жатыр.