COVID-19. 200 оқушы бақылауда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Пандемия кезінде ана мен бала денсаулығын қорғауға» қатысты онлайн брифинг кезінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты.
Барлығы COVID-19 індеті бар 200 оқушы, сондай-ақ, балабақшаның кезекші тобына барған 18 бала және интернаттан 21 бала бақылауда. Сонымен қатар 2020 жылғы тамыз айынан бастап республикада COVID-19-бен астасқан мультижүйелік қабыну синдромы (Кавасакиге ұқсас синдром) жағдайлары тіркеле бастады. Биыл мультижүйелік қабыну синдромы бар 42 бала тіркелген, қазіргі уақытта мұндай диагнозы бар пациенттер жоқ, - деді ол.
Вице-министр брифинг барысында халықаралық деректерді талдау кезінде (ЮНИСЕФ) қазіргі уақытта COVID-19 таралуының жалпы құрылымындағы балалар популяциясының рөлі жеткіліксіз зерттелгені турасында айтты. Аурудың зертханалық расталған жағдайлары бойынша ДДҰ мәліметтеріне сәйкес, жағдайлардың 1-7%-ы балаларға тиесілі, ал осы жас тобындағы өлім-жітім басқа топтармен салыстырғанда салыстырмалы түрде төмен.
Жалпы, негізгі статистикалық деректер бойынша, бала туу артты, балалардың аурушаңдығы мен өлім-жітім деңгейі төмендеді, оң өзгерістер байқалады. Осылайша, 2020 жылдың 9 айында барлығы 320 302 бала дүниеге келді, бұл 2019 жылға қарағанда (305 184 бала) 5%-ға (15 118) жоғары. 9 айдың қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 15%-ға төмендеген, - деді ол.
Вице-министр тыныс алу ағзалары ауруларының арасында барлық жастағы балалар жоғары тыныс жолдарының ауруларынан зардап шегетінін еске салды.
Жедел деректер бойынша 0-17 жас аралығындағы балалар арасында жіті респираторлық вирустық инфекциялар жағдайларының 17%-ға төмендегені байқалады. Сондай-ақ осы кезеңде балалар арасындағы тұмау жағдайлары 28%-ға аз тіркелді. 2020 жылдың 9 айында пневмониямен жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар нәресте өлім көрсеткіші 2,5%-ға төмендесе, балалар өлімінің көрсеткіші 8%-ға азайған, - деді Ажар Ғиният.