CОVІD-19: Елордада ауырғандардың 97%-ы вакцина алмағандар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Астанада CОVІD-19 жұқтырғандардың  97,1%-ы вакцина алмағандар. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова хабарлады.

Оның айтуынша, 2021 жылдың басынан бері қала бойынша CОVІD-19 жұқтырғандар саны - 135 184, ал пандемия басталғаннан бері 153 704 жағдай тіркелді. Маман вирусты балалардан гөрі ересектер көп жұқтырғанын айтты.

COVID-19 ауруымен кез келген адам, әсіресе 79,7% ересектер жиі ауырады. Олардың 27,8%-ы 40-59 жастағылар, 20,3%-ы 30-39 жас және 20,1%-ы 18-29 жастағы, 11,5%-ы 60 жастан асқан адамдар ауырады. Одан әрі 22,9%-ы-14 жасқа дейінгі балалар, - деп атап өтті ол.

Елорданың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің мәліметінше, ауру жұқтырған тұрғындардың басым көпшілігі вакцина алмағандар болып шықты.

Осы жылдың 1 ақпанынан бастап жүргізілген КВИ-ға қарсы вакцинацияға қарамастан, вакцина алмағандар арасында сырқаттанушылық деңгейі жоғары. Олар сырқаттанғандардың 97,1%-ын құрайды. Егер 1 желтоқсаннан бастап сырқаттанушылық деңгейін талдайтын болсақ, ол кезеңде 2 313 науқастың 84,7%-ы немесе 1 959 адам - вакцинацияланбаған азамат. Вакцина алғандар арасында сырқаттанушылық деңгейі төмен болуы вакцинациялаудың тиімділігін тағы бір мәрте растап отыр, - деді Сархат Бейсенова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы