COVID-19-ды жеңген Черногорияда эпидемия жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шектеу шаралары 22 шілдеде күшіне енді.
Черногория билігі коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты елдің барлық аумағында эпидемия жариялады. Шектеу шаралары 22 шілдеде күшіне енді. Бұл туралы елдің Министрлер кабинетінің Twitter-інде жазылды.
Мұндай шешімді Черногория Үкіметі жанындағы жұқпалы аурулар бойынша Ұлттық Үйлестіру кеңесі қабылдаған.
Енді эпидемияға байланысты жеті жастан асқан барлық азаматтарға ашық кеңістікте және ғимараттарда бетперделер тағу керек, көпшілік жиналыстар далада 40 адам және ғимарат ішінде 20 адаммен шектеледі.
Сонымен қатар, 6 тамызға дейін түнгі клубтардың жұмысына, үйлену тойларын, туған күндерін және басқа да мерекелерді өткізуге тыйым салынды. 30 тамызға дейін ойын-сауық мекемелерінде жанды музыкаға рұқсат жоқ. Түрлі аймақтарда дәмхана мен мейрамханалардың жұмыс уақыты қысқартылды.
Естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында Черногория COVID-19-да жеңіске жеткенін ресми түрде мәлімдеді. Ал бірнеше аптадан кейін коронавирустың қайта өршуіне байланысты карантинге оралды.