COVID-19-дан кейін тағы бір қауіп: Қытайда жаңа вирус табылды

Ғалымдар Қытайда жаңадан табылған жарқанат вирустарына байланысты алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Independent-ке сілтеме жасап.

Қытайда жарқанаттардан адамға жұғып, ми қабынуы мен тыныс алу жолдарының ауыр ауруларын тудыруы мүмкін екі жаңа вирус табылды. Ғалымдар бұл вирустардың қауіптілігіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Сейсенбі күні PLoS Pathogens журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, бұл вирустар Оңтүстік-Батыс Қытайдағы Юньнань провинциясының бау-бақшаларында тіршілік ететін жарқанаттардан табылған. Сонымен қатар, осы жарқанаттардан бірнеше жаңа бактерия мен паразит түрі де анықталған.

Ғалымдардың айтуынша, бұл вирустар адамдарда ми қабынуы мен тыныс алу ауруларын тудыратын өлімге әкелуі мүмкін Nipah және Hendra вирустарына өте ұқсас. 

Nipah вирусы – адам өміріне аса қауіпті патоген. Ол ауыр тыныс алу жеткіліксіздігіне алып келеді. Өлім-жітім деңгейі 35–75% аралығында болуы мүмкін.

Hendra вирусы да бірнеше рет адамдар мен жылқылар арасында өлімге әкелген жағдайлармен тіркелген.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл вирустар жеміс жарқанаттарының ағзасында табиғи түрде кездеседі. Көбіне жарқанат зәрі не сілекейі арқылы, соның ішінде ластанған жемістер арқылы адамға жұғады. Сондықтан мұндай жаңа вирустардың жарқанаттардан үй жануарларына немесе адамдарға берілу қаупі жоғары.

Юньнань провинциясы жарқанаттардың әртүрлілігі жоғары аймақ екенін ескерсек, бұл жаңалықтың маңыздылығы тіпті арта түседі, – делінген зерттеуде.

Жарқанаттардың ерекше иммундық жүйесі оларды түрлі микробтар мен адамға жұғатын қауіпті патогендердің табиғи резервуарына айналдырады. COVID-19 індетінің нақты шығу тегі әлі белгісіз болса да, көптеген зерттеу бұл вирустың да жарқанаттардан шыққан болуы мүмкін екенін болжайды.

Алайда, бұған дейінгі зерттеулер көбіне жарқанаттардың нәжісіне ғана бағытталып, олардың ішкі ағзаларындағы вирустар зерттелмеген еді. Ал бұл соңғы зерттеу Юньнань аймағындағы бес түрлі өңірде төрт жыл ішінде жиналған 10 түрге жататын 142 жарқанаттың бүйрегін зерттеген.

Генетикалық сараптама нәтижесінде 22 түрлі вирус табылған. Оның ішінде 20-сы ғылымға бұрын-соңды белгісіз жаңа вирустар. Олардың екеуі — Nipah және Hendra вирусына жататын henipavirus тобына кіреді.

Бұл вирустар зәр арқылы таралуы мүмкін болғандықтан, жеміс бақтарындағы өнімдер арқылы адам мен малға жұғу қаупі жоғары. Ғалымдар мұндай індеттердің алдын алу үшін жарқанаттарда болатын вирустар мен микробтарды терең зерттеу керектігін атап өтті.

Юньнаньдағы ауыл маңындағы бақтар мен үңгірлерден жиналған жарқанат бүйректерін зерттеу барысында біз жарқанаттардың қаншалықты алуан түрлі микробтар таситынын анықтадық. Сондай-ақ Қытайда алғаш рет Hendra мен Nipah вирусына ұқсас жаңа henipavirus-тардың толық геномын таптық, – дейді зерттеушілер.

Ғалымдар бұл вирустардың адамға және малға жұғу қаупі зор екенін айтып, шұғыл әрекет пен толық ауқымды микробиологиялық зерттеулер жүргізу қажеттігін ескертуде.

Еске салайық, бұған дейін ғалымдар қатерлі ісікті ерте анықтауға болатынын хабарлаған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы