COVID-19-бен күресуге Әбдіқалықованың әлі жете ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің коронавирус індетімен қалай күресіп жатқанын айтты.

Жақында ғана мемлекет басшысы COVID-19 індетімен күресу мақсатында нақты тапсырмалар берді. Осы тапсырмаларды орындау және аймақ халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 5 шілдеден бастап, Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен облыста қатаң карантин режимі енгізілді. Осыған орай, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары, квазисекторлық ұйымдар, барлық ауруханалар мен емханалар күшейтілген тәсілмен жұмыс жасауға көшті. Кеше бірқатар медициналық нысандар мен дәріханаларды аралап, жедел шешу керек мәселелерді қарастырдық, - дейді Гүлшара Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, бірінші кезекте инфекциялық және провизорлық төсек-орындарын көбейту міндеті тұр.

Өңірімізде инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1730 төсек-орны бар. Енді облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында қосымша 120 орынға инфекциялық және Шалқия елді мекенінде 30 орындық провизорлық стационар ашу жұмыстары 2 күнде жүзеге асырылады. Орын тапшылығы жоқ, егер қажеттілік туындаған жағдайда, жеке клинкалды пайдалануға келісіміміз бар, - дейді әкім.

Оның айтуынша, жасанды өкпе аппараты мен оттегінің жетіспеушілігін жетіспеушілігін шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Кеше медицина мекемелерін аралау барысында бірқатар аурухана басшылары негізгі проблемалардың бірі ретінде, оттегі баллондарының жетіспеушілігін атап өтті. Ауруханаларды үздіксіз, жеткілікті көлемде оттегі баллондарымен қамтамасыз ету үшін өндіруші мекемелермен бірлесіп жұмыс жасау туралы сала басшылары мен қала, аудан әкімдері барлық мүмкіндіктерін пайдалануда. Сонымен қатар, облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаржы бөлінді, - дейді өңір басшысы.

Оның айтуынша, маусым айында облыста қолданыста болған өкпені жасанды желдетуге арналған 76 аппаратқа 20 портативті аппарат қосымша сатып алынған. Енді тағы  63 аппаратқа өтінім берілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы