COVID-19-бен күресуге қатысқан әскери медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы Үкіметі қаулысының жобасын дайындады. 

Әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес шеңберіндегі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларда жұмыс істегені және оны жұқтыру қаупі үшін қосымша ақы мынадай мөлшерде белгіленеді.

Жоғары тәуекел тобы бойынша – жеті еселенген базалық лауазымдық айлықақы мөлшерінде:

COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін айқындалған реанимация бөлімшелерін (орындарын) және басқа да стационарларды қоса алғанда, ауру жұқтырған науқастармен және (немесе) биологиялық материалмен тікелей байланысы бар клиникалық бөлімшелер мен параклиникалық бөлімшелердің қызметкерлерін қоса алғанда,  инфекциялық стационарлардың дәрігерлеріне, орта және кіші медициналық персоналына;

Орташа тәуекел тобы бойынша – бес еселенген базалық лауазымдық айлықақы мөлшерінде:

зертханалардың  (сынамаларды алуды қабылдау бөлімдерінің) қызметкерлеріне – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дәрігерлеріне, мамандарына, зертхана мамандарына, сынамаларды алу жөніндегі мамандарға, зертханашыларға;

Төменгі тәуекел тобы бойынша – үш еселенген базалық лауазымдық айлықақы мөлшерінде: 

  • COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар, сондай-ақ СOVID-19 коронавирустық инфекциясын жоққа шығармайтын клиникалық және эпидемиологиялық белгілер бойынша вирустық пневмониясы бар қызмет көрсетілетін контингент қатарынан стационарлық жағдайда пациенттерге медициналық көмек көрсететін, сондай-ақ жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің дәрігерлеріне, орта және кіші медициналық персоналына;
  • ауру жұқтырған пациенттермен және (немесе) биологиялық материалмен тікелей байланысы бар клиникалық бөлімшелер мен параклиникалық бөлімшелердің қызметкерлерін қоса алғанда, карантиндік стационарлардың дәрігерлеріне, орта және кіші медициналық персоналына;
  • мобильдік және жедел медициналық жәрдем бригадаларының дәрігерлері мен орта медициналық персоналына және  жүргізушілеріне;
  • дезинфекциялық іс-шараларды қоса алғанда, коронавирустық инфекция ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің және әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің қызметкерлеріне;
  • қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің медициналық бөлімдерінде, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарында сотталғандар және тергеу үшін қамаққа алынғандар қатарынан COVID-19 коронавирусы және вирустық пневмониясы бар пациенттерді күзетуді, олардың өзін-өзі ұстауын қадағалау мен бақылауды қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және әскери қызметшілерге.

Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығынын талап етеді: 

2022 жылға – 958 399,0 мың теңге;

2023 жылға – 958 399,0 мың теңге;

2024 жылға – 958 399,0 мың теңге.

COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес шеңберіндегі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларда жұмыс істегені үшін қосымша ақы жұмыс уақытын есепке алу негізінде, бірақ жұмыс уақытының бір айлық балансынан аспайтын жұқтыру тәуекелі бар жағдайда нақты жұмыс істеген сағаты үшін, оның ішінде биологиялық материалмен тікелей жұмыс істейтін, COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтыруы ықтимал, жұқтыруы ықтимал адамдардан биологиялық материал алуды жүргізетін адамдарға белгіленеді.

Осы қаулы 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы