COVID-19. Қазақстандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ДЗСҰО-да COVID-19 қарсы қазақстандық QazCovid-in ®️ вакцинасы клиникаға дейінгі зерттеуден өтті. Бұл туралы ДЗСҰО-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының (ДЗСҰО) Алматы қаласындағы аймақтық филиалының фармакологиялық сынақ зертханасы базасында COVID-19 (QazCovid-in ®️) қарсы қазақстандық белсенді емес вакцинаны клиникаға дейінгі зерттеу аяқталды.
Жануарларға вакцинаның күшейтілген дозасын салып, оның қауіпсіздігі мұқият тексерілді. Сонымен қатар зерттеу аясында отандық вакцинаның ағзаға аллергиялық реакциясы мен тітіркендіргіш әсерінің жоқ екені анықталды. Жалпы зерттеу әдістерінен басқа, вакцинаның қауіпсіздік деңгейі қанның гематологиялық және биохимиялық көрсеткіштерімен расталды. Вакцинаның жануарлардың ішкі мүшелеріне әсері де бағаланды, - делінген орталық таратқан ақпаратта.
ДЗСҰО өкілдерінің айтуынша, клиникаға дейінгі зерттеу нәтижесі COVID-19-ға қарсы отандық вакцина уытты емес екенін анықтады. Сондай-ақ оны кейін клиникалық сынақ барысында ерікті адамдарға қолдануға болатындығын көрсетті.
Қазақстандықтарды вакцинациялау үшін алдымен жаңа вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін толық бағалау үшін ауқымды клиникалық зерттеулер қажет. Зерттеудің барлық кезеңі өткізілгеннен кейін ғана вакцинаның қауіпсіздігі туралы айтуға болады, - деді б.ғ.к., доцент, ҚР ДСМ ҚКК және БТУ ШЖҚ РМК Алматы фармакологиялық сынақ зертханасының меңгерушісі Валентина Шнаукшта.
Айта кетейік, барлық эксперимент Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының жануарханасындағы эксперименттік жануарларға жасалды.
Фармакологиялық зерттеулер зертханасы GLP OECD сәйкес Словак ұлттық аккредиттеу қызметінің (SNAS) халықаралық аккредиттеу мәртебесіне ие. Сондай-ақ Қазақстандағы биоэквивалентті зерттеу жүргізетін жалғыз зертхана.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың жұмысын тіркеп, оны клиникалық зерттеулерге рұқсат етілген COVID-19 қарсы кандидаттық вакциналар тізіміне енгізген болатын.
Отандық белсенді емес вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірледі.
Ведомствоның мәліметінше, ол Қазақстандағы науқастардан бөлінген вирустық штаммы негізінде жасалған.