Covid-19: Алматыдағы қазіргі жағдай

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Алматыда Covid-19 вирусын жұқтырған жаңа 57 жағдай тіркелді. Оның төртеуі өздігінен тексерілуге жүгінген адамдар. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Профилактикалық тексеру кезінде 14 адам анықталған, қалғандары карантиндегі адамдар. Олармен жақын байланыста болған барлық азамат оқшауландырылған.

Жалпы, мегаполисте пандемия басталғалы бері вирусы расталған 1966 жағдай тіркелді. Қазір қалалық жұқпалы аурулар стационарында коронавирустық инфекциядан 864 науқас ем-дом қабылдап жатыр. Соның ішінде 30 бала бар. Екі науқастың жағдайы өте ауыр, 22 адамда – ауыр, 240 науқаста ауырлықтың орташа дәрежесі, ал қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, провизорлық госпитальда 196 адам бар, одан өзге 266 адам карантиндік оқшаулауда және 13 299 азамат үй карантинінде жатыр.

Басқарма мәліметінше, кеше 55 адам қауіпті індеттен жазылып шыққан. Оның ішінде 28 адам – медицина қызметкерлері, 1,5 жас пен 16 жасқа дейінгі 10 бала, 1947, 1949 және 1952 жылдары туған үш зейнеткер және қалғандары орта жастағы азаматтар.

Жалпы, мегаполисте пандемия басталғалы бері қауіпті індеттен 1092 науқас сауығып шыққан, бұл 56%-ды құрайды.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қалада карантин режимі әлі жалғасып жатқанын айтады.

Мегаполис тұрғындарына, әсіресе, жөтел, мұрыннан су ағу немесе басқа да ауру симптомдары болған жағдайда барлық қауіпсіздік шарасын ұстану керектігін ескертеміз. Атап айтқанда, бетперде киіп, мүмкіндігінше халық көп жиналатын орындарға бармауға, қолды жиі жуып, адамдардан өздерін кем дегенде 2 метр қашықтықта ұстау керектігін өтініп сұраймыз. Бұл ұсыныстарды орындай отырып, сіз аурудың таралу қауіпін төмендетесіз. Егер сізде дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса, тыныс алу қиындай түссе, медициналық көмекке жүгініп, жедел жәрдем шақырғаныңыз абзал, – дейді Әбілдаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы