COVID-19: Алматыда күніне 5 мың тест өткізу жоспарлануда
Алматы, BAQ.KZ. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Қоғамдық кеңес мүшелерімен қаладағы эпидемиологиялық жағдайды, карантин кезеңінде санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаланың қалыпты тіршілігі мен Exit Strategy экономикасының кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарын жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Онлайн-конференция режимінде өткен кездесуде коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары бойынша мәселелер пысықталды.
Алматыда эпидемияға қарсы іс-қимыл жұмыстары 6 қаңтарда үш кезең бойынша басталды. Инфекцияның сырттан әкелінуін болдырмау мақсатында қалаға келетін барлық халықаралық кіру жолдарында санитарлық-эпидемиялық бақылауды күшейту; эпидемияға қарсы ауқымды іс-шаралар; инфекцияның жасырын резервуарларын анықтау және жаппай тестілеу жүргізу арқылы эпидемиологиялық жағдайды толық бақылауды қамтамасыз ету сияқты шаралар қабылданды.
Қауіп тобындағы тестілеуге жататын бірінші кезекте медициналық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, коммуналдық қызметтердің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, тыныс алу жолдарында созылмалы аурулары бар адамдар және респираторлық белгілері бар науқастар кірді.
Бүгінде 126,6 мыңнан астам тест жүргізілді. Соның ішінде 102 мың адам ПТР әдісімен тексерілді. Тест 1872 адамда оң нәтиже көрсетті. Соның ішінде 92% профилактикалық скринингтер кезінде; 1% – сырттан әкелінген жағдайлар; 7% – жергілікті жағдайлар, - делінген хабарламада.
100 мың халыққа ПТР әдісімен зерттеу көрсеткіші 4903 зерттеуді құрайды. Бұл дамыған еуропалық елдердің деңгейіне сәйкес келеді. Зертханалық қызметтердің барлық әлеуеті іске қосылды. Зертханалар саны 2-ден 7-ге дейін өсті, мобильді қоршау пункті ашылды, 8 жылжымалы қабылдау пунктін ашу жоспарлануда. Жалпы КВИ-ге тестілеу көлемін күніне 4500-5000 дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ шаһар басшысы медицина қызметкерлері мен қала тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдау шаралары туралы да мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерін қолдаудың кешенді жүйесі құрылды. Медициналық мекемелер жеке қорғану құралдарының жеткілікті көлемімен және дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етілген.
Медициналық ұйымдарда жұқтырудың алдын алу шаралары қабылданды. Ол үшін таза және лас аймақтарды шектеу үшін арнайы шлюздер салынды. Медициналық қызметкерлерге уақытша баспана беріліп, ыстық тамақ пен көлік ұйымдастырылды. Наурыз айында 3769 медициналық қызметкерге 1134,8 млн тг, сәуір айында 4391 медициналық қызметкерге 1567,5 млн тг үстемақы төленді. Nur Otan Almaty Birgemiz партиясының қорынан 970 медицина қызметкері 48,5 млн теңге алды, - делінген хабарламада.
Жиындағы талқылау барысында экономиканы қалпына келтіру және кәсіпорындардың қызметін жаңарту, жұмыс орындарын құру, ШОБ-ты қолдау, әлеуметтік мәселелерді шешу мен білім беру нысандарын салу, сондай-ақ қала экологиясын сауықтыру мәселелері көтерілді.
Онлайн-режимде өткен кездесу 2,5 сағатқа созылды. Қоғамдық кеңес мүшелері өз ескертулері мен ұсыныстарын айтып, жалпықалалық мәселелерді шешуде белсенді атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
57 адам коронавирус індетінен емделіп шықты
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы