COVID-19: Әлемдегі эпидахуал қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Оның айтуынша, әлемдегі коронавирус инфекциясын жұқтыруға қатысты эпидемиологиялық ахуал 33 мемлекетті алаңдатып отыр.

Әлемдегі барлығы 240 млн-нан астам коронавирус инфекциясы жағдайы тіркелді. Тәулігіне 300 мыңдай жағдай анықталады. 4,9 млн-нан астам адам қайтыс болды. ДДСҰ Еуропалық аймағының деректері бойынша, соңғы екі аптада 54 мемлекеттің 33-інде аурушаңдықтың өсуі байқалады, - деп атап өтті Алексей Цой.

Сонымен қатар ведомство басшысы соңғы екі аптада қай мемлекеттерде аурушаңдық өршігенін алға тартты.

Соңғы 14 күн ішінде Польшада індет жұқтыру 122%-ға артқан. Грузияда - 98%, Украинада – 69%, Венгрияда – 50%-дан астам, Арменияда – 40%-дан астам, Ресейде - 30%, Молдовада – 20%-дан астам, Түркия, Австрия, Германия, Қырғызстан мен Беларусь елдерінде – 2%-дан 10%-ға дейін көбейген, - деді Денсаулық сақтау министрі.

Ал ЕуроДДСҰ-ның 21 елінде, соның ішінде Израильда - 61%-ға, Испанияда 43%-ға, Швейцарияда – 39%-ға, Черногорияда - 24%-ға, Италияда - 22%-ға, Францияда - 16%-ға, Әзірбайжанда - 7%-ға төмендеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде тұмауға қарсы екпені қанша адам салдырғаны туралы айтқан болатынбыз.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы