COVID-19: Әлемде алғаш рет жануарларға арналған вакцина тіркелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейде жануарларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина тіркелді.

Ет қоректі жануарларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина «Карнивак-Ков» деп аталады. Активацияланбаған вакцина Ресейде тіркелді. Оны Россельхознадзор-ға қарасты «Жануарлардың денсаулығын сақтау федералды орталығы» жасап шығарды. Әзірге бұл әлемде жануарларға арналған алғашқы вакцина саналады.

Бұл препарат жануарларды COVID-19-дан қорғауға және аурудың алдын алуға арналған әлемдегі алғашқы әрі жалғыз вакцина, - деді өкілетті ведомство басшысының орынбасары Константин Савенков.

ТАСС-тың ақпаратына сүйенсек, клиникалық зерттеулер 2020 жылдың қазан айында басталған. Вакцина ит, мысық, түлкі және тағы басқа жануарларда сыналған. 

Зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес вакцинаның қауіпсіз екендігі, оның жоғары иммуногенділік белсенділігі дәлелденді. Себебі тәжірибе барысында вакцинацияланған жануарлардың 100%-ында коронавирусқа қарсы иммунитет, яғни антидене қалыптасқан.

Россельхознадзор ғалымдары екпені енгізгеннен кейін иммунитет қанша уақыт ішінде қалыптасатынын әлі де зерттеп жатыр.

Қазір бұл көрсеткіш кем дегенде алты айды құрап отыр, - дейді мамандар.

Айта кетейік, аталған вакцина сәуір айында елде шығарылады деп күтілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы