Counter-Strike 2, PUBG, Dota : Астанада бүгін «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі басталады
Бүгін Астанада алғаш рет «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі басталады.
29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін жарыс киберспортты, дәстүрлі спорт түрлерін және заманауи технологияларды біріктіретін жаңа буындағы халықаралық дода саналады. Турнир клубтық форматта ұйымдастырылып, оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік командалар қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Болашақ ойындарының» ерекшелігі неде?
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, биылғы турнирдің басты ерекшелігі – жарыстың клубтық форматта өтуі. Яғни бұл жолы ұлттық құрамалар емес, халықаралық клубтар бақ сынайды. Бір команданың сапында бірнеше мемлекеттің спортшылары өнер көрсете алады.
Сондай-ақ фиджитал дисциплиналарда қатысушылар алдымен виртуалды кеңістікте сынға түсіп, кейін нақты спорт алаңында жарысты жалғастырады. Мәселен, фиджитал футболда командалар әуелі виртуалды футбол ойнап, кейін жасыл алаңда өзара мықтыны анықтайды. Осылайша цифрлық және дәстүрлі спорт бір жарыс форматына біріктірілген.
Вице-министрдің сөзінше, бүгінде фиджитал спорт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Сондықтан Астанада мұндай ауқымды турнирдің өтуі Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі орнын нығайтып, заманауи спорттық трендтерге ашық екенін көрсетеді.
Қандай дисциплиналар бойынша жарыстар өтеді?
Турнир аясында сегіз дисциплина бойынша жеңімпаздар анықталады:
* Фиджитал футбол;
* Фиджитал баскетбол;
* Фиджитал жекпе-жек;
* Фиджитал шутер (Counter-Strike 2);
* Фиджитал би;
* Dota 2;
* Mobile Legends: Bang Bang;
* PUBG: Battlegrounds.
Жарыстар қай спорт нысандарында ұйымдастырылады?
Барлық сайыс Астанадағы төрт ірі спорт кешенінде өтеді.
Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде:
* фиджитал футбол;
* фиджитал баскетбол;
* фиджитал жекпе-жек.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында:
* Mobile Legends: Bang Bang;
* Dota 2.
BEELINE Arena ұлттық теннис орталығында:
* PUBG: Battlegrounds;
* Counter-Strike 2.
«Барыс Аренада»:
* фиджитал би.
Вице-министрдің айтуынша, барлық спорт нысандары халықаралық турнирді қабылдауға толық дайын.
Жүлде қоры – 4,65 миллион АҚШ доллары
Турнирдің жалпы жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен 4 миллион 650 мың АҚШ долларын құрайды.
Оның ішінде:
* Dota 2 – 1 миллион АҚШ доллары;
* PUBG: Battlegrounds – 1 миллион АҚШ доллары;
* Mobile Legends: Bang Bang – 900 мың доллар;
* Фиджитал футбол – 625 мың доллар;
* Фиджитал жекпе-жек – 500 мың доллар.
Қалған дисциплиналар бойынша да тиісті жүлде қорлары белгіленген.
Әлемнің үздік клубтары бақ сынайды
Астанаға әлемдік спорт пен киберспорттың жетекші клубтары жиналды. Олардың қатарында Team Spirit, T1, Team Falcons, Xtreme Gaming, Vici Gaming, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu, Twisted Minds, Bigetron by Vitality және басқа да танымал ұжымдар бар.
Қазақстан намысын кімдер қорғайды?
Турнирде Қазақстан атынан 11 команда мен жекелеген спортшылар өнер көрсетеді.
Олар:
* ACF x Allur және UEL Team – фиджитал футбол;
* PBC Astana және GTB KZ – фиджитал баскетбол;
* Future Nomads – фиджитал жекпе-жек;
* Rune Eaters – Mobile Legends: Bang Bang және Dota 2;
* DIGA Esports – PUBG: Battlegrounds;
* NOVAQ және TeamKZ – Counter-Strike 2;
* Гүлназ Аманғали – фиджитал би.
Вице-министр қазақстандық қатысушылардың бір бөлігі турнирге ашық іріктеу нәтижесінде жолдама алғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл отандық спортшылар мен киберспортшыларға әлемнің үздік командаларымен бір алаңда бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.
Турнирге 800 ерікті жұмылдырылды
«Болашақ ойындарын» ұйымдастыру жұмыстарына 800 ерікті тартылды. Жалпы еріктілер бағдарламасына қатысуға 1400-ден астам өтінім түскен.
Іріктеуден өткен 800 ерікті арнайы дайындықтан өтіп, жарыс барысында 16 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар аккредиттеу, логистика, көлік, медициналық қызмет, ресми рәсімдерді ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарымен және халықаралық делегациялармен жұмыс істеу секілді негізгі бағыттарды қамтиды.